Жасанды интеллектінің қолданыс аясы кеңейгенімен, жұмыс уақыты азайып жатқан жоқ

Жарияланды
LifeStyle бөлімінің журналист
Who survives AI? Why web design is safe but secretarial work is not
Kursiv.media коллажы, бильд-редактор: Дастан Шанай

Кезінде әйгілі экономист Джон Мейнард Кейнс ХХ ғасырдың соңына таман технологиялардың даму деңгейінің жоғары болатыны соншалық – Ұлыбритания мен АҚШ сияқты елдерде кәсіпорындар он бес сағаттық жұмыс аптасына көшеді деген болжам айтқан. Kursiv.Media технологиялық тұрғыда осындай өзгеріс жасау әбден мүмкін болғанымен, болжам іске аспағанына назар аударды.

Америкалық антрополог Дэвид Гребердің айтуынша, технологиялар, керісінше, адамды бұрынғыдан да көп жұмыс істеуге мәжбүрлеу құралына айналды. Өндіріс саласындағы еңбектің елеулі дәрежеде автоматтандырылғаны рас. Алайда бұл жайт жұмыс уақытының қысқаруына сеп болған жоқ. Оның орнына әкімшілік қызмет секторының бұрын-соңды болмаған ауқымда өсіп кеткеніне куә болдық, дейді ғалым.

Дэвид Гребер / Фото: Internaz, бильд-редактор: Дастан Шанай

Бұл пайымдар жасанды интеллект (ЖИ) құралдарының пайда болып, етек жайғанына дейінгі кезеңде айтылған. «Еңбек тиімділігі артты ма, жұмыс уақыты азайды ма?» деген сұраққа қазіргі жаппай цифрландыру, ЖИ өріс алған заманда да, өкінішке қарай, «иә» деп нық жауап бере алмай отырған жайымыз бар.

Сорақысы сол – ЖИ-дің қызығын сол ЖИ-ді ойлап тапқандардың өзі көре алмай отыр.

Роботизацияның қарқын алып, ЖИ-дің дамуы арқасында өнімділік артады, жұмысқа кететін уақыт азаяды деген жағымды болжамдарға сүйенген алпауыт OpenAI компаниясы (ChatGPT чат-ботын жасаған компания) нарықтағыларға біртіндеп төрт күндік жұмыс аптасына көшу керек деген үндеу айтқан.

Алайда осы компанияның өзіндегі жұмыс уақыты қысқарғанға ұқсамайды, қайта керісінше, кешке қалып жұмыс істеу, демалыс күндері жұмысқа шығу белең алған. OpenAI-да істеген бір маманның сөзінше, компания «төрт күндік жұмыс аптасы қалай болады екен, көрейік» деген сынақ режимін де әлі бастамаған.

Kazakh MP demands total AI overhaul for universities
Фото: Shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Технологиялар саласындағы компанияларда «спринт» деген ұғым бар: жаңа өнім шығаруға әзірленіп жатқанда, бәрі күн демей, түн демей, дамыл таппай жұмысқа жұмылдырылады. OpenAI-да осындай науқанды шақтарда мамандар жеті күнде 90 сағат, яғни күніне 12 сағат жұмыс істейді екен.

Antropic компаниясында да жағдай осындай. Meta басшысы Марк Цукерберг ЖИ-дің арқасында жұмыстың оңтайланғанын алға тартып, қызметкерлер санын қысқартатынын хабарлады. Қалған жұмыскерлерінің жұмыс уақыты қысқарады деп хабарламады.

Инновациялар жөніндегі сарапшы Нил Томпсонның айтуынша, ЖИ көмегімен еңбек тиімділігін арттырып алған технологиялық компанияларға тән мынадай құбылыс бар: ретін тауып, қызметін оңтайландырып, күш, уақыт үнемдеген жұмысшының жұмыста өткізетін уақыты азаймайды, өйткені оның мойнына жаңа міндеттер, қосымша жұмыстар жүктеле кетеді екен. Журналистика мен копирайтинг саласында да осыған ұқсас үрдіс жүріп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз