Бір жылда 3,3 трлн теңгеге өскен: халықтың кредиті 28 трлн теңгеге жетіп қалды

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Қазақстандықтардың мойнында қанша кредит бар / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банктің 1 шілдедегі дерегіне сәйкес, Қазақстан экономикасына жалпы 53,2 трлн теңге кредит берілген, деп жазады Kursiv.Media. Соның 27,8 трлн теңгесі – халықтың алған қарызы. 2025 жылдың шілдесіндегі дерекпен салыстырсақ, бір жыл ішінде халықтың несиесі 3,3 трлн теңгеге өскен. Сол кезде қазақстандықтардың мойнындағы кредиті 24,5 трлн теңгені құраған.

Ал бизнеске берілген несие қазір 25,4 трлн теңгені құрайды. Бір жылда бизнестің мойнындағы да борыш өскенін байқауға болады. Былтыр шілдеде елдегі компаниялар мен кәсіпкерлердің кредиті 21,1 трлн теңге болған.

Жалпы бір жыл ішінде ел экономикасына берілген несие 16,5 пайызға артқан.

«Кеңейтілген айқындаудағы экономикаға кредиттердің жалпы көлемінде ұлттық валютадағы кредиттердің үлесі 88,1% (46,9 трлн. теңге), шетел валютасында – 11,9% (6,3 трлн теңге) құрады. Банк секторы кредиттерінің үлесі – кредиттердің жалпы көлемінің 85,3%-ы», – делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Ипотекалық ұйымдар 4,4 трлн теңге несие берсе, микроқаржы ұйымдарының берген қарызы 3,1 трлн теңгеге жеткен.

Үкімет пен қаржы нарығын реттеуді ұйымдары несие беру мен борышкерге қойылатын талаптарды барынша қатаңдатып, кредит нарығының «қызуын» барынша басуға тырысып жатыр.

Биыл ұзақ жылдан бері алғаш рет жаңа борышкерлер саны 32 мың адамға азайып, банктер жаңа клиент тартуға емес, бұрыннан келе жатқан сенімді клиенттерге басымдық бере бастаған.

Сондай-ақ оқыңыз