Павлодар облысында көмір өңдеуге 65 млрд теңге инвестиция салынбақ

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Павлодар облысында көмір өңдеуге 65 млрд теңге инвестиция салынбақ / Фото: Shutterstock

Өңірде Жамантұз кен орнынан көмір өндіру және оны терең өңдеп, гуминді тыңайтқыштар шығару жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Облыстық әкімдік ақпаратына сүйенсек, Жобаның жалпы инвестиция көлемі 65 млрд теңгеге бағаланады.

Жоба Павлодар облысының әкімі Асаин Байхановтың өзбекстандық «Kaoling Torg» компаниясының басшылығымен кездесуінде таныстырылды.

Компания басшысы Қахрамон Тошпулатов инвестордың толық циклді өнеркәсіптік кешен құруға ниетті екенін айтты. Жоба аясында 350-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Өңір басшысы бұл бастаманың көмір химиясы мен көмірді терең өңдеуді дамыту тұрғысынан үлкен келешегі бар екенін атап өтті.

«Жалпы, жоба біз үшін өте қызықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көмірдің қоршаған ортаға әсерін азайта отырып, тиімді пайдалану қажет стратегиялық активіміз екенін атап өткен болатын. Әсіресе органикалық тыңайтқыштар өндірісіне ерекше назар аударып, оны өңіріміздің ауыл шаруашылығында қолдану мүмкіндіктерін зерттеу қажет», – деді Асаин Байханов.

Кездесу қорытындысы бойынша салалық басқармаға инвестормен жұмысты одан әрі жалғастыру және жобаға қажетті барлық қолдауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Сондай-ақ оқыңыз