Қазақстандықтар енді Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналаса алады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
pexels, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Қазақстан ресми түрде Оңтүстік Кореяның шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат беру жүйесіне енгізілді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Жүйе Employment Permit System (EPS) деп аталады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына қарағанда, бұл – азаматтарға шетелде заңды әрі қауіпсіз жұмысқа орналасудың жаңа мүмкіндіктерін жасауға бағытталған ауқымды жұмыстың нәтижесі.

Жүйеде 18 мемлекет бар

Корея тарапының шешіміне сәйкес, Қазақстан Е-9 жүйесіне қатысушы 18-ші мемлекет болды. Бүгінде бағдарламаға Қазақстаннан бөлек Филиппин, Моңғолия, Шри-Ланка, Вьетнам, Таиланд, Индонезия, Пәкістан, Камбоджа, Қытай, Бангладеш, Шығыс Тимор, Непал, Мьянма және Лаос қатысады. Орталық Азиядан Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан да осы жүйеге мүше.

Қазақстан азаматтарын Корея Республикасына жұмысқа тарту 2028 жылдан басталады деп жоспарланып отыр.

Делдалдарға алданбау ләзім

Жаңа тетіктің басты ерекшелігі – жұмысшыларды іріктеу делдалдар арқылы емес, тек ресми жүйе арқылы жүзеге асырылады.

Үміткерлер жүйеде көзделген барлық кезеңнен, оның ішінде корей тілі бойынша тестілеуден, кәсіби дағдыларын бағалаудан және медициналық тексеруден өтеді.

Еңбек министрлігі азаматтарға аталған рәсім ресми түрде іске қосылғанға дейін «Кореяға жұмысқа орналастыруды» немесе іріктеуден жедел өткізуді ұсынатын делдалдарға ақша бермеу қажет екендігін ескертеді.

Тіркелу мерзімдері, үміткерлерге қойылатын талаптар, тестілеуден өту тәртібі және өзге де кезеңдер туралы барлық ақпарат министрліктің ресми ақпараттық ресурстары арқылы жарияланады.

Айта кететін жайт, 2024 жылы Оңтүстік Корея заңсыз жұмыс істеп жүрген 15 мың қазақстандық мигрантты елге қайтаруды талап еткен еді.

Сондай-ақ оқыңыз