Қазақстан теміржол саласын жаңғыртуда жаңа кезеңге қадам басты

Жарияланды
Shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Экономикалық және саяси сын-қатерлер Қазақстанға теміржол саласында ауқымды өзгеріс жасау қажеттігін тудырып отыр. Бүгінде жаһандық логистикалық тізбектер қайта құрылып, жүк ағындарының бағыттары өзгеруде, ал Азия мен Еуропа арасындағы қауіпсіз құрлық бағдарларының рөлі орасан зор артты.

«Теміржол желілерін барынша дамыту – айрықша маңызды міндет» – бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның көлік жүйесін дамытудың негізгі басымдықтарының бірін айқындап берген сөздері.

Бүгінде бұл басымдық бірнеше бағыт бойынша қатар жүзеге асырылып жатыр:

  • Жаңа желілер мен қосымша жолдар салынып жатыр;
  • Вокзалдар жаңғыртылуда;
  • Локомотивтер мен жолаушылар вагондарының паркі жаңартылып жатыр.

Түптеп келгенде аталған жобалар магистральдардың өткізу қабілетін арттырып, халықаралық логистиканың өзгермелі жүйесіндегі Қазақстанның позициясын нығайтуға тиіс. Бүгінгі таңда сала елдегі барлық жүктің үштен екі бөлігіне жуығын әрі жылына 20 млн-ға тарта жолаушыны тасымалдайды. Мүмкіндік мұнымен шектелмейді.

Қазақстан теміржол саласын жаңғыртудың жаңа циклі тасымал мен транзит өсімі тұсына сәйкес келіп тұр. Бес жыл ішінде «Қытай – Ресей – Қытай» бағдары бойынша контейнерлік ағын сегіз есе ұлғайған, ал Қазақстан мен Ресей арасындағы теміржол арқылы жасалған жүк тасымалының көлемі 2025 жылы 92 млн тоннаға жетті. Осы орайда салаға желінің өткізу қабілетін арттыру, жолдарды, вокзалдарды және жылжымалы құрамды жаңарту қажет, сондықтан инфрақұрылымды дамыту бір уақытта бірнеше бағытта жүргізіліп жатыр.

Фото: akorda.kz

Бұл мәселелер шілдеде Омбыда Қазақстан мен Ресей басшыларының қатысуымен өткен өңіраралық ынтымақтастық форумында талқыланды. Іс-шараның «Жаһандық логистика экожүйесін қалыптастыру» деп аталатын күн тәртібінің өзі рельстік көлікті басты тақырыпқа айналдырды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Ресей – Қазақстан – Қытай» бағдары бойынша мерейтойлық миллионыншы контейнердің тасымалдануы айтулы кезең болғанын» атап өтті. Өз кезегінде Ресей президенті Мәскеу түбінде Қазақстанның қатысуымен салынған, екіжақты тасымалдарға ғана емес, сонымен бірге үшінші мемлекеттерге өтетін жүк ағындарына да қызмет көрсететін «Селятино» теміржол жүк терминалын мысалға келтірді.

Жалпы, «Еуразия әлемі» қорының басшысы Эдуард Полетаевтың пікірінше, қазіргі уақытта Астана мен Мәскеудің теміржол серіктестігін нығайтуға бірқатар факторлар ықпал етеді:

  • ЕАЭО бірыңғай кедендік кеңістігі;
  • бірыңғай теміржол табаны;
  • қалыптасқан көлік байланыстары.

Инвестиция ауқымы

Соңғы 15 жылда жалпы көлік секторына құйылған инвестицияның жалпы сомасы шамамен 35 млрд долларға бағаланып отыр. Шығындардың қайтарымы да тиісті ауқымға сай: Көлік министрлігінің болжамы бойынша, теміржол сегменті өнімінің көлемі 3,4 есеге артуға тиіс.

Инвестиция ағыны қайда бағытталады?

2026 жылы Тәуелсіздік жылдарынан бері іске аспаған теміржол вокзалдарының ең ауқымды жаңарту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр, ол барлық өңірлердегі 124 нысанды қамтыды.

Жаңа желілер мен қосымша жолдар бірқатар мәселелерді шешеді. Мойынты – Қызылжар «Қытай – Еуропа» транзиттік дәлізінің бөлігіне айналып, жүк бағдарын 149 шақырымға қысқартады, Мойынты – Жарық учаскесіндегі жүктемені азайтып, контейнерлік пойыздардың қозғалысын жылдамдатады. Дарбаза – Мақтаарал Мақтаарал және Жетісай аудандарын негізгі желімен байланыстырып, жүктердің бір бөлігін Сарыағаш – Ташкент учаскесінен басқа бағытқа бұрады және Өзбекстан бағытындағы экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтеді. Үшінші Астана – Қарағанды жолы тасымал көп жүретін бағыттың өткізу қабілетін арттырып, елордаға қарай пойыздардың қозғалысын жылдамдатуға тиіс. Арыс – Қазалы екінші жолы елдің оңтүстігіндегі желіні кеңейтудің тағы бір элементі болмақ.

Фото АО «НК «Қазақстан темір жолы»

Жаңа желілер мен қосымша жолдардың құрылысы теміржол желісінің мүмкіндіктерін кеңейтеді, бірақ өздігінен тасымалды жаңарту міндетін толық шешпейді. Өткізу қабілетінің артуы іс жүзінде нәтиже беруі үшін инфрақұрылым бірыңғай жүйе ретінде дамуы керек. Жаңа учаскелерге заманауи локомотивтер мен вагондар, жаңартылған вокзалдар, платформалар мен жылжымалы құрамға қызмет көрсетуге арналған техникалық база қажет. Сондықтан қазіргі жаңғырту рельс желісі мен станциялардан бастап, жүктер мен жолаушыларды тасымалдайтын техникаға дейінгі бірнеше деңгейді бірден қамтиды.


Міне, сондықтан инвестициялар жылжымалы құрам паркіне де бағытталып жатыр. Сатып алу бағдарламасы аясында 2026 жылдың басынан бері парк 144 локомотивпен толықты, ал алдағы он жыл ішінде барлығы 1 082 бірлік техника сатып алу жоспарланған. Осылайша тозу деңгейі 29,8%-ға дейін төмендейді. «ҚТЖ» АҚ жылжымалы құрамды жаңарту тасымалдың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтеді.

Маңыздысы, жаңғырту шеңберінде тек сандық көрсеткіштерге емес, сапаға да басымдық беріледі. Мәселен, швейцариялық өндірушіден 2025 жылдың желтоқсанында жеткізілген 51 вагоннан тұратын партия әлі бағдарларға шыққан жоқ: сынақ қорытындысы бойынша тасымалдаушыға ескертпелер айтылған. Өндіруші жетілдіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, мәселе Үкіметтің бақылауында.

Отандық вагон жасаушылардың үлесі

Осы орайда отандық вагон жасаушылар өндірістік мүмкіндіктерін белсенді түрде арттырып жатыр.

«2022-2026 жылдар аралығында 418 жаңа жолаушылар вагоны сатып алынды, олар Қазақстан бойынша және одан тыс жерлердегі бірқатар бағыттарға жіберілді», – деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» баспасөз қызметі. Жаңа жеткізілімдер де осы қарқынмен жалғасады деп күтілуде.

Жолаушы жаңғыртуды сапар бойғы жайлылық артқан кезде сезеді. 2026 жылы 191 жаңа вагон жеткізу жоспарланып отыр, ал алғашқы Stadler вагондары Астана – Алматы, Астана – Семей, Астана – Шымкент және Астана – Атырау бағдарларына шығуға тиіс. Оларда климат-бақылау, биодәретханалар, розеткалар, USB-порттар және Wi-Fi қарастырылған. Өлшеуге болатын нәтижені Burabay Express көрсетті: жаңа электр пойызы Астанадан Бурабайға дейінгі жолды 2,5 сағатқа дейін қысқартты.

Фото: rail-news.kz

Бұл санаттағы техника ертең қандай болатынын салалық халықаралық көрмелердегі тұсаукесерлер көрсетеді. Мәселен, «ИННОПРОМ. Орталық Азия» көрмесінде республиканың көпжылдық сенімді серіктесі – Трансмашхолдинг Қазақстан үшін де өзекті, келешегі бар әзірлемені ұсынды. Әңгіме аласа платформалары бар теміржолдарда жолаушылар үшін барынша жайлы жағдай жасайтын ЭП5Н төмен еденді айнымалы ток электр пойызы туралы болып отыр. Ол жергілікті және өңірлік бағдарлардың міндеттеріне арналып әзірленіп жатыр және түрлі климаттық әрі бедерлік пайдалану жағдайларын ескере отырып, бүкіл «1520 кеңістігіне» есептелген.

Фото: TMX

Түйіндей айтқанда, жаңа желілер мен парктерді жаңғырту теміржол көлігінің ұлттық экономиканың қозғаушы күштерінің бірі ретіндегі рөлін нығайтуға тиіс. Бұл рөлді қамтамасыз ету кәсіби мерекесі енді күнтізбеде бөлек күн ретінде белгіленген теміржол саласының 110 мың қызметкеріне, әлемдегі ең ірі жиырмалыққа кіретін магистральда еңбек етіп жүрген жандарға жүктеледі.

Сондай-ақ оқыңыз