Қытай бір айда 1 миллионнан астам көлік экспорттады

Қытайдың автокөлік экспорты рекордтық қарқынмен өсіп келеді. Шілде айында жылдық өсім 80%-дан асқан. Ал электромобильдер мен гибридтердің үлесі жалпы экспорт көлемінің жартысынан көп, деп хабарлайды Kursiv.Media.
China Daily дерегінше, шілде айында Қытайдан шетелге 1,043 млн автокөлік жөнелтілген. Бұл маусыммен салыстырғанда 0,6%-ға, ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 81,3%-ға көп.
Экспорттың жартысынан астамы – электромобильдер мен гибридтер
Экспорттың өсуіне негізінен жаңа энергия көздерімен жүретін көліктер (NEV) әсер еткен. Олардың шетелге жеткізілімі жалпы экспорт көлемінен әлдеқайда жылдам өсіп келеді.
Шілде айында Қытай 553 мың NEV көлігін экспорттаған. Бұл маусымдағы көрсеткіштен 5,7%-ға, ал өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда 145,5%-ға көп.
Осылайша, электромобильдер мен гибридтер екінші ай қатарынан Қытайдың жалпы автокөлік экспортының жартысынан астамын құрап отыр.
Қытайдың жалпы автокөлік экспорты да өсімін жалғастыруда. Сәуір мен мамырда шетелге 900 мыңнан астам көлік жөнелтілсе, маусым айында бұл көрсеткіш алғаш рет 1 млн-нан асты. Шілдеде де экспорт көлемі осы межеден жоғары сақталды.

Экспорт көлемі қанша
2026 жылдың алғашқы алты айында Қытай 3,381 млн автокөлік экспорттаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48,1%-ға көп.
Оның ішінде 1,135 млн көлік жаңа энергия көздерімен жүретін автомобильдерге тиесілі. Олардың экспорты бір жылда 59,4%-ға өскен.
Ал «Бір белдеу – бір жол» бастамасына қатысатын елдерге автомобиль өнімдерін экспорттаудан түскен түсім алғашқы алты айда 83,67 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30,8%-ға жоғары.
Тағы да оқыңыз: ЕуроОдақ Қытайдың гибридті көліктеріне шектеу енгізбек.