Шығыста марал, елік, аю мекендейтін орман өртеніп жатыр

Шығыс Қазақстан облысындағы Асу-Бұлақ мемлекеттік мекемесіне қарасты Белогорск орман шаруашылығында өрт шықты. Бұл туралы Kursiv.Media Экология министрлігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Асу-Бұлақтағы өрт туралы хабар 13 тамызда түскен. 14 тамызда министрлік өрт сөндіру жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.
«Өрт туралы хабар түскен сәттен бастап қажетті күштер мен құралдар оқиға орнына жіберілді», – деп таратты министрлік.
14 тамыздағы жағдай бойынша, ормандағы отты сөндіруге барлығы 172 адам, 36 бірлік техника және 3 тікұшақ жұмылдырылды.
Жағдай Экология және табиғи ресурстар министрлігінің тұрақты бақылауында екені хабарланды.
Айта кетейік, Асу-Бұлақ орман шаруашылығында марал, бұлан, елік, тауешкі, қоңыр аю және басқа да аңдар мен құстар мекендейді.