Вашингтон: Қытай баж салығын төлемеу үшін тауарын Қазақстан арқылы сатқан

АҚШ үкіметі Қытайды баж салығын айналып өту үшін үшінші бір елдерді пайдаланды деп айыптады. Ақ үй жариялаған көлемді баяндамада Қазақстан да бар, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Зерттеу «Жасырын реэкспорттың үлкен айласы» (The Great Transshipment Scam) деп аталады. Баяндама авторлары АҚШ-тың Қытай тауарына белгілеген баж салығын айналып өтуге әлемнің қырықтан астам елі көмектесті деп есептейді. Соның салдарынан, есепте көрсетілгендей, Құрама Штаттар қазынасына ондаған миллиард доллар түспей қалған.
Баяндамада Бейжіңге тауарды реэкспорттауға көмектесті делінетін елдер үш санатқа бөліп қарастырылған. Қазақстан соның үшінші санатында жүр. Материал авторлары Қытаймен көршілес республиканы «әлсіз буын» деп сипаттады.
Көлеңкелі реэкспортқа тартылған елдер:
| Көлеміне қарай | Санат атауы | Критерийлері | Реэкспортқа қатысты елдер |
|---|---|---|---|
| Бірінші санат | Ірі көшбасшылар | Қытаймен байланысты тауарлардың үлкен абсолютті көлемі; әртараптандырылған өнеркәсіптік базалар және АҚШ-қа бағытталған ірі экспорттық платформалар, мұнда реэкспорт тәуекелі кең ауқымды заңды сауда ағындарының ішіне жасырылған. | Канада, Еуропа Одағы, Үндістан, Израиль, Жапония, Мексика, Оңтүстік Корея, Тайвань |
| Екінші санат | Ауқымды көшбасшылар, Қытаймен айтарлықтай экономикалық интеграциясы бар елдер | Қытаймен байланысты жеткізу тізбегіне, шикізат көздеріне, өндірістік платформаларға, логистикалық жүйелерге немесе аймақтық маршрутты өзгерту арналарына тереңірек интеграцияланумен ұштасқан айтарлықтай реэкспорт көлемі. | Бразилия, Индонезия, Малайзия, Таиланд, Түркия, Вьетнам |
| Үшінші санат | Кішігірім елдер, мүмкіндікті пайдаланушы Қытай нысандары | Реэкспорт көлемі төменірек, бірақ «әлсіз буын» ретіндегі белгілі бір артықшылықтары бар шағын экономикалар. Оның ішінде: арзан жұмыс күші, еркін аймақтар, порт немесе шекаралық қолжетімділік, кедендік қоймалар, АҚШ нарығында жеңілдікке ие немесе шектеулі кедендік бақылау мүмкіндігі. Бұл факторлар оларды Қытаймен байланысты маршруттарды өзгерту үшін тартымды әрі ыңғайлы нысандарға айналдырады. | Аргентина, Әзірбайжан, Бангладеш, Камбоджа, Чили, Колумбия, Коста-Рика, Доминикан Республикасы, Грузия, Иордания, Қазақстан, Кения, Лаос, Марокко, Мьянма, Оман, Панама, Перу, Филиппин, Сингапур, Шри-Ланка, Швейцария, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан |
Айта кетейік, 2025 жылғы «сауда соғысы» барысында Вашингтон Бейжіңге қатысты баж салығын бірнеше есеге көтеріп жіберген. Қазір тарифтер тауар түріне қарай 25%-дан 145%-ға дейін жетеді. Ақ үй Қытаймен көршілес Қазақстанды да аяп отырған жоқ. Қазақ тауарын АҚШ-қа экспорттау құны да қайта-қайта көтерілді. Оның себебі енді анық түсінікті болып отыр. Дегенмен Астана мұндай тариф экспорттың 95%-ына әсер етпейді деп есептейді.