Астанадан Бейжіңге ұшатын рейстер саны көбейді

Air China әуе компаниясы тамыз айының басынан бері Астанадан Бейжіңге қатынайтын рейстер санын аптасына алтыға дейін арттырды. Бұл туралы Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.
Енді рейстердің үшеуі Астана – Бейжің бағыты бойынша тікелей орындалса, тағы үшеуі Сиань арқылы ұшады.
Рейстер кестесі
Астанадан Бейжіңге тікелей рейстер сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері орындалады.
Ал Астана – Сиань – Бейжің бағыты бойынша жолаушылар дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері ұша алады.
Осылайша, жолаушылардың Қытайға, оның ішінде іскерлік және туристік мақсаттағы сапарларын жоспарлау мүмкіндігі артты.
Әуежайдың мәліметінше, рейстер санының көбеюі Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар маршруттық желінің кеңеюі екі ел арасындағы туристік, экономикалық және іскерлік байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
Air China – Қытайдың ұлттық әуе тасымалдаушысы. Әуе компаниясының негізгі хабы Бейжіңде орналасқан. Тасымалдаушы халықаралық Star Alliance авиациялық альянсына кіреді. Оның маршруттық желісі Қытай, Азия, Еуропа және басқа да өңірлердегі қалаларды қамтиды.
2025 жылы Air China тобы шамамен 160 млн жолаушы тасымалдаған.
Еске салайық, Астана мен Шанхай арасындағы тікелей әуе қатынасын осы күзде ашу жоспарланып отыр.