Hongqi H7 гибридке көшіп, толық жетекті нұсқасын ұсынды

Hongqi Қытайда жаңа буындағы H7 седанын алдын ала сатылымға шығарды. Үлкен седан бензинді нұсқадан толық бас тартып, қуатталатын гибридті жүйеге көшті. Арнайы субсидияны есептегендегі бастапқы бағасы 181,8 мың юаньды, яғни шамамен 12,5 млн теңгені құрайды.
Үлкен седан жаңара түсті
Жаңа H7 вертикалды радиатор торы мен жалпақ жарық жолағы бар Hongqi-ге тән дизайнын сақтағанымен, сыртқы келбеті әлдеқайда ықшам әрі заманауи бола түскен. Доңғалақ базасы 2970 мм-ге дейін ұлғайған. Сондықтан екінші қатарда отбасы мүшелеріне де, іскерлік мақсатта жүретін жолаушыларға да орын жеткілікті болуы тиіс.
Салонда өндіруші физикалық батырмалардың көпшілігінен бас тартқан. Мұнда Qualcomm 8295P чипімен жабдықталған 15,6 дюймдік экран орнатылған. Смартфонды қосу, навигация және жүргізушіге көмек көрсету жүйелері қарастырылған.

Жүріс қоры 2000 шақырымға жуық
H7-дегі басты өзгеріс көліктің капотының астында жасырылған. Барлық нұсқа 1,5 литрлік турбомоторға негізделген бір гибридті жүйемен жабдықталған. Сатып алушыларға алдыңғы және толық жетекті нұсқалар ұсынылады.

Алдыңғы жетекті нұсқаның электр қуатымен жүретін қоры CLTC стандарты бойынша 240 шақырымға жетеді. Жанармай багы толық толып, аккумуляторы толық қуатталған жағдайда седан 1954 шақырымға дейін жүре алады. Ал аккумулятор қуаты таусылған кезде мәлімделген отын шығыны 100 шақырымға 4,4 литрді құрайды.
Ал толық жетекті H7 тек үнемділігімен ғана емес, қуатымен де ерекшеленеді. Оның жалпы қуаты 476 кВт-қа жетеді, ал 0-ден 100 км/сағ жылдамдыққа 3,9 секундта үдейді.
Тағы да оқыңыз: BYD Seal 06-ға бәсекелес Qin Max моделін шығарды