
Ұйқысы қанбаған бала сабаққа дұрыс көңіл бөліп, жаңа ақпаратты қабылдауда қиналуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі мектеп оқушыларына қанша сағат ұйқы қажет екенін еске салып, ата-аналарға бірқатар кеңес берді, деп жазады Kursiv.Media.
Мектеп оқушылары қанша сағат ұйықтауы керек
Мамандардың айтуынша, қажетті ұйқы ұзақтығы баланың жасына байланысты. 6-12 жастағы балалар тәулігіне 9-12 сағат, ал 13-18 жастағы жасөспірімдер 8-10 сағат ұйықтауы керек.
Бұл ретте ұйқының ұзақтығымен қатар, оның тұрақты болғаны да маңызды. Бала күн сайын шамамен бір уақытта жатып, бір уақытта тұрғаны жөн.
Толыққанды ұйқы баланың зейініне, есте сақтау қабілетіне және жаңа ақпаратты қабылдауына тікелей әсер етеді. Ұйқысын қандырған бала сабаққа жақсырақ көңіл бөліп, оқу жүктемесін жеңіл көтереді.
Бірінші сынып оқушыларына күндіз қосымша демалыс керек
Мектепке алғаш баратын балаларға ерекше көңіл бөлген жөн. Жаңа күн тәртібі, ерте тұру, сабақтар және көптеген жаңа әсерлерге бейімделуге уақыт қажет.
Егер бала қатты шаршаса, оқу жылының алғашқы апталарында оған екі сағатқа дейін күндіз қосымша демалыс ұйымдастыруға болады.
Демалыстан кейін ұйқы режимін қалай қалпына келтіруге болады
Егер бала жазда түн ортасынан кейін жатып, түске жақын оянуға үйренсе, күн тәртібін бірден өзгертуге болмайды. Ұйқыға жату және ояну уақытын біртіндеп ертерек уақытқа ауыстырған дұрыс.
Ата-аналарға мына қарапайым ережелерді ұстану ұсынылады:
- баланы күн сайын шамамен бір уақытта ұйықтатып, бір уақытта ояту;
- ұйқыға бірнеше сағат қалғанда белсенді ойындарды азайту;
- кешкі уақытта смартфон, планшет және компьютер қолдануды шектеу;
- гаджеттердің орнына кітап оқу, серуендеу немесе әңгімелесу сияқты тыныш әрекеттерге көңіл бөлу;
- ұйықтар алдында бөлмені желдетіп, қолайлы температураны сақтау.
Сонымен қатар қосымша сабақ, үй тапсырмасы немесе ойын-сауық үшін түнгі ұйқыны қысқартуға болмайды. Ұйқының тұрақты қанбауы баланың зейін қоюына кері әсер етіп, оқу күніндегі жұмыс қабілетін төмендетуі мүмкін.
«Мектеп режиміне қазірден бастап біртіндеп оралған дұрыс. Сонда оқу басталған кезде ерте тұру мен уақытында ұйықтау балаға бірден қиындық тудырмайды», – деді Денсаулық сақтау министрлігі.
Еске сала кетейік, бұған дейін педиатр мектепке дейін баланы қандай дәрігерлерге көрсету керегін айтып, ата-аналарға кеңес берген еді.