«Қайрат» өз алаңында «Ұлытауды» тізе бүктірді

Қазақстан Премьер-лигасының 22-туры аясында алматылық «Қайрат» пен «Ұлытау» командалары кездесті. Ойын әдеттегідей Орталық стадионда емес, Т. Сегізбаев атындағы Академияның алаңында өтті, деп жазады Kursiv.Media.
Алматының басты стадионында әлемдік рэп-жұлдыз Канье Уэсттің концерті жоспарлануына байланысты, матч осындай ерекше жағдайда ұйымдастырылды.
Ойын алдында «Қайрат» футболшылары ауыр жарақат алған португалиялық футболшы Жоржиньоға қолдау көрсетіп, Forca Jorginho жазуы бар футболкамен шықты.
32-минутында алаң иелері есепті ашты. Марк Гуалдың нәтижелі пасынан кейін Эдмилсон мергендік танытып, командасын алға шығарды.
Екінші таймның басында «Қайрат» басымдығын арттырды. Густаво Мендонсаның асырған добын Юккола торға тулатты.
Алаңға 70-минутта ауысып шыққан Азамат Тұяқбаев арада төрт минут салып үшінші голды соғып, есепті ұлғайтты.
Ойынның соңғы қосымша минуттарында қонақтар тарапынан И. Черняк 11 метрлік пенальтиді мүлтіксіз орындап, гол соқты.
Трибунада жанкүйерлер саны әдеттегіден аз болғанына қарамастан, «Қайрат» ойын тізгінін толық өз қолында ұстап, 3:1 есебімен маңызды 3 ұпайға қол жеткізді.