Экс-депутат Бақытжан Базарбек адам қағып кетті: полиция қылмыстық іс қозғады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Бақытжан Базарбек адам қағып кетті/ фото: mazhilis.kz

Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданында бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жол-көлік оқиғасына тап болды. Оқиға салдарынан 36 жастағы жаяу жүргінші ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп жазады Kursiv.Media.

Оқиға халықаралық «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автожолында орын алған. Бастапқы мәліметтер бойынша, жолда алдымен жеңіл автокөлік сиырды қағып кеткен. Осыдан кейін бір топ ер адам жүйткіп келе жатқан көліктерге кедергі келтірмеу үшін өлексені жолдың жүру бөлігінен алып тастауға тырысқан. Дәл осы сәтте Базарбек тізгіндеген «Toyota Rav-4» автокөлігі жолда тұрған азаматтардың бірін қағып кеткен.

Осының салдарынан 36 жастағы ер адам ауыр жарақат алып, шұғыл түрде Т. Рысқұлов аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлердің хабарлауынша, науқастың жағдайы өте ауыр. Оған жабық бас-ми жарақаты және мидың соғылуы, білек сүйегінің жабық сынуы, сирақ сүйегінің ашық сынуы және I дәрежелі травматикалық шок диагноздары қойылған.

Полицияның жауабы

Жамбыл облысының полиция департаменті оқиғаны растап, Kursiv.Media тілшісіне жауап берді.

«Аталған жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша Т. Рысқұлов аудандық полиция бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, «Toyota» автокөлігінің жүргізушісі Б. есімді азамат жол үстінде тұрған жаяу жүргіншіні қағып кеткен», делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында қажетті тергеу әрекеттері мен сараптамалар жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз