
Елдегі мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі енгізілді. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық өнерді дамытуға үлес қосып жүрген тұлғаларды ұлықтау мақсатында маңызды шешім қабылдады. Мемлекеттік наградалар тізіміне жаңадан «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы енгізілді. – деп жазды Айбек Смадияров.
Жаңадан тағайындалған мәртебелі марапаттар ұлттық мәдениетімізге адал қызмет етіп, еліміздің рухани қазынасын байытуға сүбелі үлес қосқан азаматтарға беріледі.
«Шәмші Қалдаяқов» медалі – отандық музыка өнерін дамытуға, ұлттық ән өнерін насихаттауға және жаңа буын композиторлардың шығармашылығын шыңдауға еңбек сіңірген тұлғаларға табысталады.
«Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атағы – бейнелеу өнері, мүсіндеу, графика мен сәндік-қолданбалы өнер саласында өзіндік қолтаңбасын калыптастырып, ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде танытқан шеберлерге беріледі.
Еске сала кетейік, бұған дейін марапаттар тізіміне жаңадан «Әл-Фараби», «Қожа Ахмет Ясауи», «Мейірім» деген үш орден қосылған еді.