inDrive негізін қалаушы Арсен Томский қазақ қызына үйленді

Жарияланды 16 Тамыз 2026 12:15

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: әлеуметтік желіден

Әлемге танымал inDrive компаниясының негізін қалаушы, миллионер Арсен Томский шаңырақ көтерді. Кәсіпкердің таңдауы қазақ қызы – Камила Лұкпановаға түсті. Қуанышты жаңалықты бизнесмен Threads әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында хабарлады.

Қалыңдығымен Ыстанбұлдағы Босфор бұғазының жағалауында суретке түскен Томский: «Қазақ ұлтына +1 күйеу бала. Міне, қазақ халқының күйеу баласы», — деп жазды.

Дүркіреп өткен той

Жұптың қуанышына бизнес саласының майталмандары жиналды. Қазақстан мен Грузиядағы Forbes франшизасының иесі Арманжан Байтасов әлеуметтік желіде: 

«Бүгін Арсен Томский мен Камиланың үйлену тойы. Жас жубайларды осы маңызды оқиғамен құттықтау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен достары келді!», – деп бөлісті.

Тойда қонақтар арасында Марғұлан Сейсембай, Эдуард Ким, Нұрлан Смағұлов, Айдын Рахымбаев сияқты кәсіпкерлер бой көрсетті.

Қалыңдық туралы не белгілі?

Арсен Томскийдің жары Камила Лұкпанова бұған дейін Almaty Tourism Bureau ұйымын басқарған. Кейіннен урбанистика мәселелерімен айналысатын жеке Tana қорын құрды. Соңғы уақытта Камила білімін жетілдіріп Лондон қаласында тұрып жатыр.

Арсен Томский және Қазақстан

inDrive негізін қалаушы 2022 жылы компанияның бас офисін Қазақстанға көшіріп, кейіннен ел азаматтығын алған еді. Forbes рейтингіне сәйкес, оның дәулеті 920 млн долларға бағаланып, Қазақстандағы ең бай 10 кәсіпкердің қатарына енді. Той алдында бизнесмен Kursiv Talks подкастына қатысып, бизнесі, балалық шағы мен болашаққа жоспарлары туралы сұхбат берген еді.

Сондай-ақ оқыңыз