Алматы орталығында бір күнде екінші рет электр жарығы өшті

Алматының орталық бөлігінде бір күн ішінде екінші рет электр жарығы өшті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның апаттық электр ажыратулары картасындағы мәліметке сәйкес, сағат 19:50-ден бастап Қарасай батыр – Қонаев – Төле би көшелері мен Достық даңғылы аралығындағы аумақта электр энергиясы жоқ.
Компания мамандары апаттық ажыратудың себебін анықтап жатыр.
Электр энергиясын қайта қосу шамамен 2 сағатқа жоспарланып отыр.
Бұған дейін Алматының бірнеше ауданындағы тұрғындардың бір бөлігі үш сағат бойы электр жарығынсыз қалған еді.
14 тамыз сағат 14:38-де Алматы мен Алматы облысының тұрғындары жарықсыз қалды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, электр қуатының жаппай өшуіне Орталық Азияның энергетикалық жүйесіндегі электр энергиясы ауысымының күрт өзгеруі себеп болған.
KEGOC мәліметінше, бастапқыда Қырғызстанда гидрогенераторлар ажыратылған. Алайда көрші елдің Энергетика министрлігі Алматы энергия торабы Орталық Азия энергожүйесіндегі қалыпты жиілік қалпына келгеннен кейін ғана ажыратылғанын мәлімдеді.
Технологиялық бұзушылықтың себептерін арнайы комиссия тексереді.