«Барни» үшін ұрған: Мадинаның туыстары жағдайды түсіндірді

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото әлеуметтік желіден

Соңғы екі күнде бір шоколад үшін күйеуінен соққы жеген Мадинаның оқиғасы қоғамды шошытты. Марқұм құрбысы Зейнеп Мұсахожановаға «Барни» шоколады үшін күйеуі ұрғанын жазған. Қазір Мадинаның артында сегіз айлық баласы қалды. Бүгін Алматыда оның жаназасы өтті. Kursiv.Media осы іске қатысты жағдайды анықтау үшін Мадинаның отбасынан Нұрилә Арыстановамен сөйлесті. Ол марқұмның туыстарының атынан БАҚ өкілдерімен сөйлесіп, адвокат жалдауға тырысып жатыр.

Нұриләнің сөзінше, Мадина Өзбекстан тумасы, ағайын-туысы да сол жақта тұрады. Осында Алматыда анасы ғана бар, әкесі отбасынан кетіп қалған. Қарағандыда нағашылары тұрады. Жолдасы Мадиярмен 17 жасында үйленген, нақты айтқанда алып қашқан.

«Білуімше, көшеден көрген, солай алып қашқан. Бір махаббатпен үйленді дей алмаймын, араларында жылулық болмаған», – дейді Нұрилә.

Күйеуі Мадияр, 23 жаста. Ресми түрде еш жерде жұмыс істемейді, тек қосымша табыспен күн көреді. Мадинаны да қамтамасыз ете алмаған тәрізді. Туыстарының сөзінше, келіншектің телефонын, киімін, бар қажетін анасы сатып алып беріп отырған.

Бір ай бұрын Мадинаны Мадияр қатты ұрған. Бойжеткен қашып, Алматыға барып, құрбысынан қарызға 75 мың теңге ақша алады. Одан әрі Мадиярдың қарындасы, қайынсіңлісінен де көмек сұраған.

«Сіңлісіне барып, жылап, ағаң ұрып жатыр, көмектесші деген. Сонда ол ағам мінезі сондай, қатты, өзің барып кешірім сұра. Мен ешнәрсе істей алмаймын деген ғой», – деп түсіндіреді Нұрилә Арыстанова. Ақшасы таусылған соң, Мадина жолдасының үйіне қайта барады.

«Қорқытпақшы болған»

Мадина ата-енесімен, күйеуімен Жамбыл облысы, Меркі ауданында тұрады. Оның қайтыс болғанын естігеннен кейін анасы барған. Сол кезде аяқ-қолының, белінің көгергенін, тырнағының астына топырақ жиналғанын көреді. Біреуі оны сүйрелеп, Мадина жер тырнағанға ұқсайды. Бастапқыда ата-енесі мәйітханада сараптама өткізген. Оған марқұмның анасы қатыспаған. Кейін Мадинаның туыстары келіп, екінші рет сараптама жасайды. Сол жерде біреулер қорқытқан көрінеді. Ол туралы Мадинаның анасының сіңлісі Нұрила Арыстановаға айтып береді.

«Мәйітханаға барғанда бір қара көлік келген. Балам Таразда құзырлы органда жұмыс істейді деп әбден боғауыз сөз айтқан. Туыстары тіпті Мадинаның денесін алып қоя ма деп қорықты», – дейді Нұрилә.

Бүгін, 17 тамызда Мадинаның денесі жер қойнауына тапсырылды. Жаназасы Алматыда Мадинаның анасының үйінен шығарылды. Бірақ ата-енесі, күйеуі де келмеген. Туыстарының айтуынша, марқұмның сүйегі келетін кезде үй алдында қайынжұртынан екі әйел ғана тұрған. Бірақ олардың нақты кім екені белгісіз.

Kursiv.Media болған жағдайға қатысты марқұмның күйеуімен де байланысып көруге тырысты, бірақ әлеуметтік желіде жауап берген жоқ.

Қазір осы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды, полиция тергеу жүргізіп жатыр. Бастапқыда Мадина өз-өзіне қол салды деген жаңалық тараған, бірақ Мадина туыстары оған сенбейді. Олар адвокат жалдауға тырысып жатыр. Дегенмен әлеуметтік желіде ешқандай ақша жинап жатпағанын, ондай хабарландыруға сенбеуді сұрайды.

Сондай-ақ оқыңыз