«Барни» үшін ұрған»: Жамбылда әйел өзіне қол жұмсады

Жамбыл облысында әйел өзіне қол жұмсады. Полиция департаментінің хабарлауынша, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Бұған дейін әлеуметтік желіде әйелді күйеуі «Барни» бисквиті үшін ұрғаны туралы ақпарат тарады. Желідегі хат алмасуға сәйкес, әйел құрбысына оқиғаның қалай болғанын айтып берген.
«Бүгін Мадиярмен қатты ұрыстым. Бір “Барни» шоколады үшін ұрыстық. Ұрып жіберді. Балама алып келіпті, содан бір дана алып жегем. Соған «Неге жейсің? Мен оны балаға алып келдім» дейді. Үш рет сұрады. Сосын «жемеймін» деп, жартысын қолына бердім. Сосын енем араласты. «Жемей қоя салмайсың ба, жас бала емессің ғой» дейді», деп жазған әйел құрбысына.
Жазуына қарағанда, күйеуі «неге мамаға сөз қайтарасың» деп, әйелді ұрған.
Полицияның хабарлауынша, Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу не соған ықпал ету) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«Қазір мән-жайды жан-жақты, толық анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Айта кетейік, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңның қатаңдағанына екі жыл болды. Осы уақытта елде 150 әйел күйеуінің не бірге тұратын ер адамның қолынан қаза тапты.