
Британдық Nostrum Oil & Gas мұнай-газ компаниясы Қазақстандағы бизнесін $304,6 млн долларға сатпақ. Келісімшарт әлі толық жабылған жоқ. Оған мемлекеттік органдар мен облигация ұстаушылардың келісімі қажет.
Инвестор «Жайықмұнай» ЖШС (Чинарев кен орны) және «Позитив Инвест» ЖШС-ын (Каменское және Каменско-Тепловско-Токаревское учаскелері) сатуға ниетті.
Сатып алушы ретінде Altaris Holding Ltd. компаниясы көрсетілген, Оның құрылтайшылары — миллионер Кеңес Рақышевке тиесілі Fincraft Energy Holding Limited және БАӘ-де тіркелген ALTURION FZCO.
Қарыз қысып барады
Компанияны сатудағы басты себеп — ұзақ жылдар бойы жиналған қарыз жүктемесі. Топтың облигациялары бойынша төлем мерзімі 2026 жылдың 30 маусымында аяқталғанымен, Nostrum кредиторлармен толық есептесе алмады.
Активтерді сатқаннан түскен қаражатқа компания кепілдік берілген облигацияларды толық, ал кепілсіз облигацияларды жартылай ($150 млн айналасында) өтеуді көздеп отыр. Кредиторлармен есептескеннен кейін акционерлерге айтарлықтай қаражат қалмайды. Осыдан соң компания толығымен таратылады.
Бұған дейін Fincraft Energy Holding компаниясы шілде айында юаньмен шығарған облигациялар көлемін 4,2 млрд юаньға (шамамен $618,5 млн) дейін ұлғайтқан. Облигация жобасында бұл қаражат мұнай-газ компанияларын сатып алуға жұмсалатыны көрсетілген. Қаржыландыруды «Бәйтерек» ұлттық холдингі ұсынған.
Nostrum Oil & Gas PLC — Ұлыбританияда тіркелген компания болғанымен, бүкіл өндірістік активтері Қазақстанда орналасқан. Негізгі акционерлері – Ұлыбританияда тіркелген ICU Holdings Limited, EMOV Caspin Holdings Limited және Amundi.
Негізгі кен орны — «Чинарев». Бұл кен орнын «ЖайықМұнай» компаниясы игеріп жатыр. Компанияға жер пайдалану құқығы 100 пайыз тиесілі.