Мектеп формасын қай жерден сатып алған тиімді

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото ЖИ арқылы жасалған

Жаңа оқу жылына дайындық кезінде ата-ананы ойландыратын негізгі сұрақтың бірі мектеп формасын қайдан алған тиімді? Дүкенге барып баланың көзінше киіп көріп алған дұрыс па, сауда орталығындағы акцияларды күткен жөн бе, әлде маркетплейстен арзанырақ нұсқаны іздеген тиімді ме? Kursiv.Media редакциясының тілшісі анықтап көрді.

Дүкеннен сатып алу

Қазір мектеп формасын сататын брендтер көп. Әуелі солардан бастадық. Отандық Glasman бренді ерлерден бөлек, балаларға арналған мектеп формасын да шығарады. Қазақстанда тігеді, материалы сапалы. Бастауыш сынып ұлдарына арналған костюм шалбар шамамен 17-20 мың теңгеден басталады. Ал қыздарға арналған төрттік форма бағасы 25-30 мың теңге аралығында. Брендтің дүкендері Алматы, Астана, Шымкент қалаларында орналасқан.

Мектеп формасын сататын келесі бір отандық бренд – Angelcher. 20 жылдан бері оқушыларға форма тігетін кәсіпорын. Бірақ мұндағы бағалар өзгеше. Қыздарға арналған шалбарды 10-12 мың теңгеге, жакетті 16-18 мың теңгеге, ал белдемшені 10-12 мың теңгеге сатып аласыз. Сонда ұлдың формасы 30 мың теңгеге, ал қыздарға арналған форма 40-50 мың теңгеге айналуы мүмкін.

Жарнамасы аз, бірақ халық арасында жақсы танылған тағы бір бренд – Symbat сән үйі. Алматы және Астана қалаларында бөлімшелері бар. Мұндағы бағалар салыстырмалы түрде өте төмен. Мәселен, жеңіл ақ кофталарды 5500-6000 теңгеге, пиджақты 8000 теңгеге, белдемшені 6500 теңгеге сатып алуға болады. Бір баланы 30-40 мың теңгеге толық киіндіріп алуға болады.

Көпшілікке таныс Orchestra бренді де мектеп формасын ұсынады. Қазір мұнда костюмдерді 30 мың теңгеден, ақ жейделерді 12 мың теңгеден, ал аяқ киімді 17 мың теңгеге сатып алуға болады.

Артықшылығы: Дүкендерден алудың үлкен артықшылығы – баланы апарып, таңдап, өлшеміне сай киімді аласыз. Матасын, сапасын тексеріп, кейін қажет болса ауыстыруға да болады.

Кемшілігі: Бағасы қымбат болуы мүмкін

Сауда орталықтарынан сатып алу

Қазір ірі сауда орталықтарында да мектеп формасын тиімді бағаға табуға болады. Оқу жылы қарсаңында сауда орталықтары арнайы акциялар ұйымдастырады. Мысалы, 2026 жылы Aport Mall желісінде мектеп формасы, аяқ киім, аксессуарлар, кеңсе тауарлары және спорттық киім сатып алуға арналған Back to School акциялары өткізіліп жатыр.

Grand Park сауда орталығында да мектепке арналған жәрмеңке ұйымдастырылған. Тек мектеп формасы ғана емес, оқу құралдарын да тиімді бағаға сатып алуға болады.

Оқи отырыңыз: Оқушыға сөмке таңдайтын кезде ата-ана білу керек бес ереже

Әйгілі Rich Family гипермаркетінде мектеп киімдерінің бірқатарына жеңілдік қойылған. Мысалы, мектеп юбкаларының кейбір үлгілері 4 130 теңге, сарафан 6 230 теңге, жейделер 2 310–4000 теңге аралығында көрсетілген.

Дәл осындай «Детский мир» желілерінде 50%-ға дейін жеңілдіктер болып жатыр. Chessford өнімдерін 3 000 – 7000 теңгеге дейін, Futurino School сарафанын 8000 теңгеге сатып алуға болады. Мектепке арналған аяқ киімдер 10-11 мың теңгеден басталады.

Бірақ сауда орталығындағы баға міндетті түрде ең арзан деген сөз емес. Сондықтан бірнеше дүкендегі бағаны салыстырған дұрыс.

Артықшылығы: Егер ата-ана «бәрін бір күнде алып шығайын» десе, сауда орталығы ыңғайлы.

Кемшілігі: Барлық дүкендегі баға бірдей емес, біраз аралап салыстыру керек. Кейде жеңілдіктерге еріп, артық заттарды алып қоюыңыз да мүмкін.

Маркетплейстерден сатып алу

Маркетплейстерде баға әлдеқайда арзан екенін ескеру керек. Жейделерді 5000 теңгеден, белдемшелерді 3500 теңгеден таба аласыз.

Маркетплейстің тағы бір тиімді тұсы – пікірлерді оқуға болады. Басқа ата-аналардың «матасы қандай», «өлшемі сәйкес келе ме», «бірнеше рет жуғаннан кейін қалай болды» деген пікірлері таңдауға көмектеседі.

Артықшылығы: Баға арзан, таңдау көп.

Кемшілігі: Суреттегі киім мен келген тауардың сапасы сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан сатушының рейтингіне, пікірлер санына, нақты фотоларға және тауарды қайтару шарттарына назар аудару керек. Одан бөлек жеткізу үшін бірнеше күн күту керек болады.

Оқи отырыңыз: 50%-ға дейін жеңілдік: оқу құралдарын қай жерден арзанға алуға болады

Сондай-ақ оқыңыз