Мектеп оқушылары халықаралық олимпиададан жеңіспен оралды

Информатикадан халықаралық олимпиадада (IOI 2026) жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар елге оралды. Ташкенттегі жарыста Қазақстан намысын қорғаған төрт оқушы 1 алтын және үш күміс алды.
Астана әуежайында жас чемпиондар мен олардың жетекшілерін оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ата-аналары, ұстаздары мен достары қарсы алды.
Министрлік мәліметінше, олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының төрт мүшесі де жүлдегер атанды. Максим Цой алтын медаль жеңіп алып, әлемдік жеке есепте 5-орын иеленді. Мансұр Мамадахунов, Асқар Әкежан және Алдияр Сейтбай күміс жүлдегер атанды. Қазақстан әлемдік командалық есепте 10-орынға ие болды.
«Бұл – еліміздің осы халықаралық олимпиадаға қатысу тарихындағы үздік нәтижелерінің бірі», – деп есептейді оқу-ағарту министрлігі.
Ұлттық құрамаға Темірлан Сатылханов пен Айбек Қуанышбай жетекшілік етті.