Блэкаут: Қырғызстан апатқа қатысты жауапкершілікті тек өздеріне жүктеуге қарсы

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Жарықтың сөнуіне кім кінәлі / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

14 тамызда Орталық Азияның бірқатар елінде электр жарығы жаппай өшіп, Алматы, Бішкек Душанбе сынды ірі қалалар жарықсыз қалды. Сол күні 15:37-де Қырғызстанның энергожүйесінде техникалық ақау шығып, ол Орталық Азияның Біріккен энергожүйесінен бөлініп кеткен, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Қырғызстан энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл жағдайда қырғыз энергетиктері жедел әрекет еткен. Сағат 15:55-ке қарай олар жиілікті қайтадан әдеттегі 50 Гц деңгейіне жеткізді. Тіпті көрші елдерге 250 МВт көлемінде қосымша қуат беріп, көмектескен көрінеді. Қырғыз тарапының айтуынша, Алматы энерготорабының сөнуі жиілік толық орнына түскеннен кейін болған.

Апат қалай басталды?

Жағдайды тексеру кезінде Тоқтағұл ГЭС-індегі екі гидрогенератор қысқа уақытқа өшіп қалғаны белгілі болды. Бұл оқиға бүкіл өңірлік энергожүйеде алғашқы ауытқуды тудырды. Салдарынан электр қуатының ағындары кенет өзгеріп, апатқа қарсы автоматика іске қосылды.

Қазақстанның KEGOC компаниясы да апатқа дәл осы Тоқтағұл ГЭС-індегі оқиға себеп болғанын хабарлады. Соның кесірінен Қазақстанның «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» транзитіне шамадан тыс күш түсіп, елдің оңтүстігі өзге өңірлерден бөлініп қалды.

Алайда Қырғызстанның Энергетика министрлігі бастапқы ақауды басқа елдердегі блэкаутқа себеп болды деп санамайды. Олардың пайымдауынша, мұндай жағдайда әр елдің энергожүйесі тепе-теңдік қалпына келгенше оқшауланған режимде тұрақты жұмыс істеуге тиіс.

Сол себепті басқа елдердегі жүйелердің өшуін бөлек зерттеу қажет.

«Бірлескен техникалық тергеп-тексеру аяқталғанға дейін апаттың кейінгі барлық зардаптары үшін жауапкершілікті Қырғызстанның энергетика жүйесіне жүктеу дұрыс емес», – делінген хабарламада.

Блэкауттың нақты себебін арнайы құрылған комиссия анықтайды.

Апат салдарынан бүкіл Алматы қаласы мен Алматы облысының бірқатар аудандарынжа жарық өшіп, көшелерде кептеліс орнап, су болмай, метро тоқтап қалған. Жарық кешкі он жарымға қарай толық қосылды.

Сондай-ақ оқыңыз