Полиция түнгі көңіл көтеру орнынан 16 жасар даяшыны тапты

Полиция 16 жасар бойжеткеннің Петропавл қаласындағы орындардың бірінде түнде даяшы болып жұмыс істегенін анықтады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
СҚО полиция департаменті хабарлауынша, тексеру «Назар аударыңыз: балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өтті. Орын иесі мен жас даяшының ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Рейдтің басты мақсаты – балалардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерді өз уақытында анықтау, қадағалаусыздықтың, зорлық-зомбылықтың және жасөспірімдерді құқық бұзушылық қызметке тартудың алдын алу», – деп хабарлады полиция.
Құқық қорғаушылар сондай-ақ профилактикалық есепте тұрған отбасыларды да тексереді. Екі күн ішінде полицейлер 23 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. 21 жағдайда жасөспірімдер түнгі уақытта көшеде жүрген.
«Назар аударыңыз: балалар» рейдтері өңірде 15 тамыздан бастап өтуде. Полицейлер кәмелетке толмағандар болуы мүмкін орындарды тексеріп, ата-аналарды балаларының уақытын қайда және кіммен өткізіп жатқанын бақылауға шақырады.