Сұлтан Сәрсемәлиевке шыққан үкім аясында апелляциялық шағым түсті

Атырауда Сұлтан Сәрсемәлиевке шыққан үкім аясында апелляциялық шағым түсті. Бұл туралы «Сот кабинетіндегі» деректе көрсетілген.
Сұлтан Сәрсемәлиевтің өзі сот алқасына әлі жүгінбеген. Шағым 2026 жылдың 29 шілдесі түскен.

Атырау облыстық сотының мәліметінше, сот үкімі шыққан кезде судья бірнеше мекеме басшысына қатысты жекеше қаулы шығарған. Апелляциялық шағым сол мекемелердің бірінен берілген.
Айта кетейік, 2026 жылдың 14 шілдесінде қайын жұртындағы төрт адамды өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына сотталды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Төрт адамның өлімі
Іс материалдарына сәйкес, Сәрсемәлиев 2025 жылдың мамырында жалдап тұрған үйінде қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті пышақтап өлтірген. Кейін мәйітін үйдің маңына көміп, жақындары күмәнданбас үшін оның атынан хабарламалар жазып отырған.
Сол жылдың қазанында Жангелдин ауылында тұратын бұрынғы қайын атасы мен енесін де өз үйінде пышақтаған. Жерді 1 метр 30 сантиметр етіп қазып, екі адамның мүрдесін сол жерге көмеді.
Осыдан кейін бұрынғы әйелі Ақбаян мен қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны ертіп Атырауға барған. Қалада қайын апасы Мейрамгүлді де пышақтап өлтіріп, мәйітін Наурыздың жанына көмген.
Төрт адам қаза тапқаннан кейін Сәрсемәлиев Түркия арқылы Меккеге барып, Құдайдан кешірім сұрамақ болған.
Соттағы сөзінде Сәрсемәлиев Құдай мен мемлекет заңын бұзғанына өкінетінін айтты. Бірақ болған оқиғаға қайтыс болғандардың өзін кінәлады.
Қылмыстық істі судья Зарема Хамидуллина қарады. Судьяның сөзінше, Сәрсемәлиевтің 2025 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін төрт адамды бірдей қасақана қазаға ұшыратқаны, олардың өлтіргеннен кейін алаяқтық, ұрлық, жеке куәліктерін жымқыру секілді бірнеше құқық бұзушылық жасағаны, жәбірленушілердің мүліктерін талан-таражға салғаны, несие рәсімдегені, ауыл тұрғындарын қаза болған Наурыздың атынан алдап, хабарламалар жазып, малын сатып жібергені толық дәлелденді.