Жыл басынан бері Қазақстанда 220 мың жеке кәсіпкер нарықтан кетті

Жарияланды 17 Тамыз 2026 08:00

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Дара кәсіпкерлер азайып бара жатыр/ фото: ЖИ көмегімен

Қазақстанда тіркелген дара кәсіпкерлердің саны жыл басынан бері айтарлықтай азайды. 2026 жылғы 1 қаңтарда елде 1,88 млн дара кәсіпкер тіркелсе, 1 тамыздағы жағдай бойынша олардың саны 1 660 468-ге дейін түскен. Яғни жеті айда көрсеткіш шамамен 220 мыңға немесе 11,7%-ға қысқарды.

Дегенмен бұл 220 мыңға жуық адамның кәсібін толық тоқтатты дегенді білдірмейді. Ұлттық статистика бюросы көрсеткіштің төмендеуін 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі аясында енгізілген өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режиміне көшумен байланыстырады.

Жаңа режимнің басты ерекшелігі – белгілі бір талаптарға сай келетін адамға міндетті түрде дара кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ. Оны жалдамалы жұмысшысы жоқ, рұқсат етілген қызмет түрімен айналысатын және айлық табысы 300 АЕК-тен аспайтын азаматтар пайдалана алады. Бұл норма Салық кодексінің 718-бабында қарастырылған.

Қазақстанда тіркелген дара кәсіпкерлер саны
2026 жыл, ай басындағы жағдай бойынша
1 қаңтар 1 880 246 1 тамыз 1 660 468 −11,7%
* Диаграмманың тік осі өзгерісті айқынырақ көрсету үшін 1,55 млн-нан басталады.
Дереккөз: ҚР Ұлттық статистика бюросы
Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Оның үстіне жаңа режим шағын әрі тұрақты емес табысы бар адамдар үшін рәсімдерді жеңілдетеді: Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, мұндай азаматтарға кәсіпкер ретінде міндетті тіркелу талабы қойылмайды, табыстан салық төлеуден босатылады, ал әлеуметтік төлемдердің жиынтық мөлшері табыстың 4%-ын құрайды. Міндеттемелерді арнайы мобильді қосымша арқылы орындауға болады.

Сондықтан биылғы статистикадағы құлдырауды кәсіпкерлік белсенділіктің бірден нашарлауымен ғана байланыстыру дұрыс емес. Дара кәсіпкерлердің бір бөлігі статистикада басқа санатқа – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға ауысып жатыр. Ұлттық статистика бюросының өзі де төмендеудің негізгі себебі ретінде осы өзгерісті көрсетеді.

Сонымен бірге соңғы айда төмендеу тоқтағандай белгі бар. Бюро дерегінше, 2026 жылғы шілдеде тіркелген дара кәсіпкерлер саны маусыммен салыстырғанда 0,2%-ға өскен. Алайда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда олардың саны әлі де 11,4%-ға аз.

Сондай-ақ оқыңыз