Air Astana мен FlyArystan ұшақтары Дубайға әзірге ұшпайды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Дубай қаласындағы зәулім ғимараттар
БАӘ-дегі ірі қалаға ұшақтар сирек ұшады / фото: Дубай әкімдігі

Қазақстандық екі әуе компаниясы Дубай қаласына рейстерді тоқтату мерзімін тағы да ұзартты. Air Astana мен FlyArystan ұшақтары 30 қыркүйекке дейін Әмірліктегі осы ірі шаһарға ұшпайды.

Атап айтқанда, Air Astana Алматы мен Астанадан Дубайға қатынайтын рейстерді қазан айына дейін орындамайтын болды. Ал FlyArystan Ақтау – Дубай – Ақтау бағытындағы рейстерді 1 қазанға дейін тоқтатып қойды.

Компаниялар осындай шешім қабылдау себебін Парсы шығанағы аймағындағы тұрақсыз жағдаймен түсіндірді.

«Қазан айында аталған бағыттар бойынша ұшу кестесіне өзгерістер енгізіліп, рейстер жиілігі қысқартылды», – деп хабарлады Air Astana.

Жолаушылар билеттерін 20 қарашаға дейінгі рейстерге тегін қайта рәсімдей алады. Сонымен бірге билетті сатып алған жерде оның толық құнын қайтарып ала алады немесе тариф айырмашылығын төлей отырып, билетті Air Astana-ның басқа халықаралық бағыттарына ауыстыра алады.

FlyArystan рейстері тоқтатылған жолаушыларға кейінгі рейстерге қайта брондау немесе билет құнын сатып алған жері бойынша айыппұлсыз толық көлемде қайтару ұсынады.

Ақтаудан Дубайға қатынайтын рейстер бойынша билеттер 3 қазаннан бастап қысқы ұшу кестесі аясында сатылады. Әрі қарай өзгерістер болған жағдайда әуе компаниясы қосымша ақпарат береді.

Естеріңізге сала кетейік, Таяу Шығыста тұрақсыз жағдайдың қалыптасуына 2026 жылғы 28 ақпанда Иранда басталған соғыс әсер етті. Наурыз айында қазақстандық әуе компаниялар ұрыс жүріп жатқан аймаққа әуе рейстерін орындаудан бас тартты.

Сондай-ақ оқыңыз