Университетте оқу мерзімі қысқаруы мүмкін

Енді жоғары оқу орындарында төрт жыл оқу міндетті болмауы мүмкін. Алдағы уақытта университеттер оқу мерзімін қысқарта бастайды. Бұл жайлы үкімет отырысынан кейін өткен брифингте ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп жазады Kursiv.Media.
Оның сөзінше, төрт жыл оқу тым көп. Қазірдің өзінде отандық ЖОО-лар оқу мерзімін қысқарта алады. Министрлік оған рұқсат берген.
«Шынымен, кейбір мамандықтар үшін төрт жыл тым ұзақ. Біз қазір үкіметке арнайы ұсыныс жолдадық. Оған сай теорияға қарағанда тәжірибеге басымдық беретін білім беру бағдарламалары оқу мерзімін қысқарта алады», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Ол кейбір мамандықтар гибридті форматқа көше алатынын да айтты. Ол үшін нормативтік база әзірленген, тіпті кейбір білім ордасында сынақтан өткізген. Бірақ қандай мамандықтар, қандай оқу орындары бұл форматқа көше алатынын нақтылаған жоқ.
Қазіргі стандарт бойынша, бакалаврда оқу – 4 жыл, ал магистратура – 2 жыл. Ал Еуропа елдерінде Болон жүйесі бойынша бакалавриатта негізінен 3 жыл оқиды. Оқу орындары IT, медиа, сервис және дизайн сияқты тәжірибеге негізделген салаларда білім беру мерзімін қысқарту тиімді деп есептейді.
Оқи отырыңыз: Оқу ғимараттары: Алматының ең үлкен университеттері