Газ өңдеу зауыты қызықтырып тұр: Рақышев британ инвесторының активін неге сатып алады

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Кеңес Рақышев
Миллардер «Жайықмұнайды» неге сатып алып жатыр / Фото: kursiv.media архиві

Миллионер Кеңес Рақышев британдық Nostrum Oil & Gas компаниясының Қазақстандағы активтерін неге сатып алып жатыр? Сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың пайымдауынша, бизнесменді жер астындағы көмірсутек қоры емес, жер үстіндегі сирек кездесетін стратегиялық инфрақұрылым көбірек қызықтырып отыр.

Бос тұрған зауыт қызықтырып отыр

Сарапшының пайымдауынша, мәміленің мәні «Чинарев» кен орны немесе «Степной леопард» жобасының қоры емес.

Негізгі актив – жылына 4,2 миллиард текше метр газ өңдеуге қауқарлы Nostrum газ өңдеу зауыты. Қазір бұл ірі кәсіпорын толық қуатында жұмыс істемей, бос тұр.

Орынбор зауытына балама бола ала ма

Бұл активтің стратегиялық маңызы Қарашығанақ газын өңдеу мәселесіне тікелей байланысты. Қазақстан әлі де ресейлік инфрақұрылымға тәуелді. Қарашығанақтан шығатын шикі газ Ресейдегі Орынбор газ өңдеу зауытына жіберіледі. Алайда Орынбордағы зауытта шикі газ қабылдайтын үш желінің екеуі ғана жұмыс істеп тұр.

Соның салдарынан Қазақстан тауарлық газды аз алып, оны Ресейден импорттауды арттыруға мәжбүр. Тіпті Орынбор зауыты дрон шабуылдарынан кейін жұмысын жарты жылға тоқтатқан кездер де болды. Оның үстіне, өңдеу көлемін жылына 1 миллиард текше метрге дейін арттыруды жоспарлап отырған Рожков кен орны да инфрақұрылымға қосымша жүк түсіреді.

Осындай сәтте Nostrum зауыты Қарашығанақ газының бір бөлігін өңдейтін балама бағытқа айнала алады. Teniz Capital сарапшылары да бұған дейін KPO, Nostrum және QazaqGaz компаниялары техникалық әрі экономикалық тұрғыдан тиімді көлемді анықтап, газды осы зауытқа бағыттай алатынын болжаған еді.

Дегенмен жаңа бағытты бірден іске қоса салу мүмкін емес. Қарашығанақ газының құрамында күкіртсутек пен басқа да қоспалар өте көп. Сол себепті шикізатты алдын ала дайындау, қосатын инфрақұрылым салу және жабдықтарды жаңарту қажет.

Инвестор Қазақстандағы жобаларынан шығады

Британдық Nostrum Oil & Gas мұнай-газ компаниясы Қазақстандағы бизнесін 304,6 млн долларға сатпақ. Келісімшарт әлі толық жабылған жоқ. Оған мемлекеттік органдар мен облигация ұстаушылардың келісімі қажет.

Инвестор «Жайықмұнай» ЖШС (Чинарев кен орны) және «Позитив Инвест» ЖШС-ны сатуға ниетті.

Сатып алушы ретінде Altaris Holding Ltd. компаниясы көрсетілген. Оның құрылтайшылары – миллионер Кеңес Рақышевқа тиесілі Fincraft Energy Holding Limited және БАӘ-де тіркелген ALTURION FZCO.

Кеңес Рақышев Forbes журналының Қазақстандағы ең бай бизнесмендер рейтингінде 27-орында тұр. Оның дәулеті 402 миллион долларға бағаланған.

Сондай-ақ оқыңыз