Мамандық таңдауға көмектесетін цифрлық платформа қалай жұмыс істейді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Мансап компасы
фото: Еңбекмин

Мамандық таңдауға бағыт-бағдар беретін «Мансап компасы» цифрлық платформа қызмет көрсетеді, деп жазады Kursiv.Media.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, платформа мектеп оқушылары мен ересектерге болашақ мамандығын таңдауға көмектеседі. Сонымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға және экономиканың қажеттілігіне сай кадр қалыптастыруға мүмкіндік ашады.

«Бүгінде платформа арқылы 166 мың адам кәсіби бағдарлау диагностикасынан өткен. Оның ішінде 136 мыңы – мектеп оқушылары, 30 мыңы – ересек азаматтар. Тек 2026 жылдың өзінде еліміздің барлық өңірінен 7-11 сыныпта оқитын 27 мыңнан астам оқушы кәсіби бағдарлау тестінен өтті», – делінген министрліктің ақпаратында.

Платформаны Қызылорда және Маңғыстау облыстарының, сондай-ақ Алматы қаласының тұрғындары белсенді пайдаланып отыр. Жыл соңына дейін 100 мыңнан астам оқушыны кәсіби бағдарлау диагностикасымен қамту жоспарланған.

«Мансап компасында» қазіргі таңда экономикаға қажетті 730 мамандық туралы ақпарат жинақталған. Олар экономиканың 16 бағытына бөлінген.

Министрліктің ақпаратына қарағанда, пайдаланушылар өзіне қызықты мамандық туралы толық ақпарат алып, оның қай салада қажет екенін, қай өңірде жұмыс табуға болатынын, жалақы деңгейін және басқа да маңызды мәліметтерді қарай алады. Сонымен қатар таңдаған мамандық бойынша білім алуға болатын оқу орындары мен білім беру бағдарламаларын табуға мүмкіндік бар.

Мұның алдынжа арнайы «Мансап компасы» атты цифрлық платформа әзірленіп жатқаны хабарланған еді. 

Сондай-ақ оқыңыз