NASA Айдың бетінде жүйіткитін жаңа дөңгелектерді сынақтан өткізді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
REUTERS/Denis Balibouse, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

NASA Айда болашақ база салуға дайындалып жатыр. Бұл үшін экипаждар мен роботтарға Ай бетінде еркін қозғалу керек.  

NASA үшін Жердің табиғи серігінің бетінде жүйіткіп, қашықтықты бағындыра алатын көлік технологияларын дамыту маңызды, деп жазады Kursiv.Media.

Бес команда финалға өтті

Осы мақсатта NASA-ның Rock and Roll with NASA Challenge байқауы өтіп, көпшіліктен жаңа буын айтабан дөңгелектерін әзірлеу ұсынылды. 49 елдің өнертапқыштарынан 128 өтінім түскен. Соның ішінен бес команда финалға өткен. Олар 31 шілдеде Хьюстондағы Джонсон ғарыш орталығында өз прототиптерін сынады.

Дөңгелектерге қойылатын талап – жеңіл, берік әрі ұзақ уақыт пайдалануға төзімді болуы керек. Сонымен қатар олар кедергілердің соққысын бәсеңдетіп, әртүрлі жер бедерінде іліністі сақтап, Айдың қатал жағдайларына төтеп беруге тиіс.

Прототиптер 45 келілік MicroChariot сынақ ровері арқылы Rock Yard полигонында тексерілді. Сынақтар әртүрлі жер бедерінде дөңгелектердің тұрақтылығы мен жүріп өту қабілетін бағалауға мүмкіндік берді.

Дөңгелекке қандай талап қойылады

Финалға шыққан бес жоба бір-бірінен ерекшеленді. NASA инженерлерінің пікірінше, Айды зерттеу ауқымы кеңейген сайын көліктерге жылдамдық, жүк көтеру, беріктік және жолсыз жермен жүру қабілетінің әртүрлі үйлесімі қажет болады.

Келесі кезеңде дөңгелектерді Ай шаңына, вакуумға және экстремалды температураларға төзімділігі тұрғысынан сынау жоспарлануы мүмкін. Сондай-ақ оларды ұзақ қашықтықта және әртүрлі жүктемелермен тексеруге болады.

Айта кететін жайт, NASA 2028 жылдың соңына қарай Айға төрт жаңа миссия жіберу үшін Astrobotic, Firefly Aerospace және Intuitive Machines компанияларын таңдады. Бұл миссиялар болашақта Айда тұрақты база құру бағдарламасының бір бөлігі. Жобаға жалпы 600 млн долларға жуық қаржы бөлініп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз