Қазақстанда қатерлі ісікке қарсы дәріні сынақтан өткізіп жатыр

Қазақстанда DVC деген атаумен қатерлі ісікке қарсы препаратты сынақтан өткізіп жатыр. Қазір Астанада клиникалық сынақтың екінші кезеңі басталды. Мамандар дәрінің ең қауіпсіз дозасын анықтап жатыр дейді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
«Қазір аз немесе үлкен дозаға ағза қандай реакция білдіретінін анықтау үстінде. Біз бұл кезеңді жыл соңына дейін аяқтап, препаратты алдын ала тіркеуге жібереміз. Оның өз процедурасы бар. Денсаулық сақтау министрлігіндегі ұлттық орталық мамандары көмектеседі. Екінші клиникалық сынақтың нәтижесі шыққаннан кейін оны қайта тексереді, нақтылайды, содан кейін дәріні тіркеуге өтінім жібереді», – деп түсіндірді министр.
Яғни әзірге DVC тәжірибеден өтіп жатқан өнім, оны қауіпсіз әрі тиімді, тіркелген дәрі деп есептеуге болмайды.
Препарат авторлары алдымен препаратты Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде тіркеп, қолдануға рұқсат алуды жоспарлап отыр. Ал АҚШ, Еуропа немесе Азия нарығына шығу үшін жергілікті реттеуші органдардың тексерулерінен өту қажет болады. DVC препаратын Назарбаев Университеті жанындағы Астана Ұлттық зертханасы әзірлеп жатыр. Бұған дейін Саясат Нұрбек аталған препараттың аса қымбат болмайтынын, бір дәрі-дәрмектің өзіндік құны 15-16 мың теңге тұратынын айтқан.
Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда алты айда 1,8 мыңнан астам адамнан қатерлі ісік анықталды.