Қытай роботы адамнан жылдам жүгірді, бірақ бүйірдегі техниканы сындырды (видео)

Жарияланды 18 Тамыз 2026 13:30

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business news бөлімінің аға журналисі t.bukharbaev@kursiv.media
Superman қытай роботы
Биікке де жақсы секіре алатын робот / фото: ЖИ-мен өңделген видеокадр

Unitree Robotics қытай компаниясы 17 тамызда Superman деп аталатын жаңа гуманоид роботын ұсынды. Ол адамнан да жылдам жүгіреді, бірақ әлі де кем тұстары жетерлік.

Усэйн Болттан да жылдам робот

Компанияның мәлімдеуінше, робот 12,66 метр/секунд (шамамен 45,6 км/сағ) жылдамдық көрсетіп, адам рекордын жаңартты. Мәселен, әйгілі желаяқ Усэйн Болт 2009 жылы әлемдік рекордын тіркеген уақытта жылдамдығын шамамен 12,4 м/с дейін арттырған.

Дегенмен дүйсенбі күні Бейжіңдегі стадионда түсірілген видео роботтың бір кемшілігін ашты. Жоғары жылдамдықпен жүгіріп келе жатқан робот бұрылыста бақылауды жоғалтып, бүйірдегі электр қораптары мен техникалық жабдықтарға соқтығысып, солармен бірге құлаған. Видео бірден әлеуметтік желілерде таралып, мыңдаған адам қарап үлгерді.

Оқиға 2-ші World Humanoid Robot Games жарысы қарсаңында болды. Ресми жарыс 22 тамызда Бейжіңде басталады. Қазір стадионда көптеген робот жаттығу жасап жүр.

Қытай астанасы стадионындағы оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр: біреулер роботтың жылдамдығына таңғалса, көпшілігі «әлі де адамнан үйренетін көп нәрсе бар» деп әзілдеді.

Робот туралы

Unitree компаниясы Superman-ді небәрі үш айдан сәл астам уақытта жасағанын мәлімдеді. Робот аяқтары 0,85 метр ғана, бірақ ол орнынан 2 метр биіктікке секіре алады. Компания осы көрсеткішті де адам рекордынан жоғары деп есептейді.

Робот әзірге прототип сатысында және алдағы айларда одан әрі жетілдіріледі.

Қытайлық Unitree Robotics гуманоид роботтар саласындағы көшбасшылардың бірі. Компания кейінгі жылдары жылдамдық, секіру және күрес бойынша бірнеше рекорд орнатқан.

Superman адамнан жылдам жүгіре алғанымен, видеодағы апат роботтардың әлі де тұрақтылық пен бақылау мәселесін толық шеше алмағанын көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыз