«Байқап сөйлеңіздер»: Данияр Елеусінов ішімдікке әуестігі барын мойындады

Жарияланды 18 Тамыз 2026 12:10

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: instagram

Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусінов әлеуметтік желіде оқырмандарына үндеу жариялап, басынан өтіп жатқан қиындықтар мен ішімдікке тәуелділігі туралы айтты. Спортшы қателігін мойындап, жұртшылықты біреудің басына түскен сынаққа күлмеуге шақырды, деп жазады Kursiv.Media.

«Олимпиададан кейін ішімдікке жақындап кеттім»

Спортшы Рио Олимпиадасынан кейін өмірінде ішімдікке деген әуестік пайда болғанын жасырмады.

«Иә, жол апатына ұшырадым, «мас» деп айтып жатты… Иә, мен оны мойындаймын. Олимпиададан кейін ішімдікке, алкоголизмге жақындығым, әуестігім бар екені рас. Мұндай ауруға қалай душар болғанымды өз басым да толық түсіне алмаймын», – деді ол.

«Біреуге күлсең – басыңа келеді»

Боксшы бұрын мұндай дертке шалдыққан адамдарды түсінбегенін және жас кезінде өзі де біреулерге күлген сәттері болғанын өкінішпен еске алды. Спортшының айтуынша, адам баласы біреудің айыбын бетіне басып күлсе, ол жағдай түбінде өз басына айналып соғуы мүмкін.

«Кезінде жас күнімде мұндай адамдарға мен де күлгенмін, түсінбегенмін. Ал қазір бұл жағдай өзімнің де басымнан өтіп жатыр. Күлген адамның өзіне сондай жағдай келеді екен. Адамның бәрін сынайтын – Алла Тағала. Осы өмірде сынап, айтқан нәрсеңді өзіңе көрсетпей қоймайды. Соны байқаңыздар, байқап сөйлеңіздер», – деп ескертті Олимпиада чемпионы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Данияр Елеусінов мас күйінде көлік айдағаны үшін, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 20 күнге қамалған еді.

Сондай-ақ оқыңыз