Ұлдана Мырзуан ісі: Әділет Зейнел жәбірленуші болудан бас тартпақ

Астанада Ұлдана Мырзуан ісі бойынша сот процесі басталды. Сот ғимаратында марқұмның күйеуі Әділет Зейнелдің адвокаты оның «жәбірленуші» статусынан бас тартатынын мәлімдеді, деп хабарлайды KursivMedia.
Сот отырысында Зейнелдің адвокатының өтінішхатын төрағалық етуші судья қабылдамады. Тек Әділет Зейнелден жауап алынғаннан кейін ғана өтінішхат білдіруге болатынын мәлімдеді.
Қылмыстық істегі сотталушы Сәуле Жұбаниязова апат болған тұрғын үйдегі мүлік иелері бірлестігінің төрағасы. Жұбаниязова қылмыстық кодекстің 254-бабы (міндеттеріне адал қарамау) бойынша айыпталып отыр.
Бұған дейін марқұмның анасының адвокаты күдікті кешірім сұрап келмегенін мәлімдеді. Сондай-ақ сотталушыдан қандай да бір өтемақы сұрау туралы нақты шешім қабылдамағанын айтты.
Еске сала кетейік, марқұмның күйеуі Әділет Зейнел әйелінің қазасынан 8 ай өткен соң екінші рет отбасын құрып, қоғамның сынына ұшыраған болатын.