Ыстықкөлдегі құрылыс ережелері едәуір жеңілдетілмек

Жарияланды 18 Тамыз 2026 19:02

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General news бөлімінің журналисі a.tolendi@kursiv.media
Ыстықкөлдегі құрылыс ережелері едәуір жеңілдетілмек / Фото: Shutterstock

Қырғызстан парламентінің депутаттары Максат Алымбеков пен Табылды Муратбеков Ыстықкөл жағалауындағы құрылысқа қойылған кейбір шектеулерді жұмсартуды ұсынды, деп хабарлайды Kursiv LifeStyle.

Парламентарийлер көл экожүйесін дамыту және су көлігі туралы заңдарға түзетулерді қоғамдық талқылауға шығарды. Туризмді өркендету үшін олар көлде верфтер (кеме жөндеу және салу шеберханалары) салуға қойылған тыйымды алып тастауды ұсынып отыр. Бұл серуендеуге және спортқа арналған яхталарға қажетті инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ұсыныс тамыз айының басында өткен судағы «Формула-1» халықаралық жарыстарынан кейін енгізілсе керек.

Бұдан бөлек, заң жобасында көлде понтондар, жүзбелі үйлер, шолу алаңдарын және ағаш төсемдер салу көзделген.

Қазіргі ереже бойынша көлден 100 метр арақашықтықта құрылыс жүргізуге тыйым салынған. Түзету авторлары бұл норманы сақтауды, бірақ белгілі бір ерекшеліктер енгізуді ұсынады: тазалау жүйесі болған жағдайда пирстер, эллингтер, қоғамдық тамақтану нүктелері мен әжетханалар салуға рұқсат берілмек.

Сонымен қатар, депутаттар балық өсіру шаруашылықтары үшін тазартылған ағынды суларды ағызу нормативтерін жұмсартпақшы. Осылайша олар көлдегі эндемиктік балық түрлерінің көбеюіне ықпал етуді көздейді. Бұл ретте Министрлер кабинетімен және Ғылым академиясымен келісе отырып, көлде оған тән емес балық түрлерін, мысалы, кемпірқосақ бақтағын (радужная форель) өсіруге де рұқсат берілмек.

Бұл түзетулердің толық қабылданар-қабылданбасы әлі белгісіз. Заң жобасы қазір қоғамдық талқылау кезеңінде және ашық қолжетімділікте. Депутаттардың Орталық Азиядағы ең көрікті су қоймаларының бірінде туризмді дамытуға деген ықыласы түсінікті: бұл бюджетке қомақты кіріс әкеледі. Десе де, заң жобасы дәрежесінің өзінде көл жағалауын жүзбелі үйлер мен дәмханалар басып кетіп, оның экожүйесіне орны толмас нұқсан келуі мүмкін деген қауіп айқын байқалады.

Сондай-ақ оқыңыз