Жүргізуші айыппұл салған полицейден өш алу үшін пара алды деп айыптаған

Ақмола облысында автобус жүргізушісі тасжолда өзіне айыппұл хаттамасын толтырған патрульдік полицейлерден өш алуды ұйғарған. Ер адам тәртіп сақшылары өзінен 5 мың теңге алғанын айтқан, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Өңірлік полиция департаментінің хабарлауынша, құқық қорғаушылар пара туралы хабарламаны мұқият тексеріп, оның жалған екенін анықтады.
Оқиға 18 тамызда Астана – Қарағанды – Алматы тасжолында орын алған. Патрульдік полицейлер құжаттарды тексеру үшін Van Hool автобусын тоқтатқан. Тексеру барысында олар салонның қайта жабдықталғанын байқаған.
Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылады. Ал жүргізушінің полицейлердің әрекетіне көңілі толмай қалған.
Біраз уақыттан кейін «102» желісіне патрульдік полицейлер одан 5 мың теңге алды деген қоңырау түскен. Полиция қызметкерлері тексеруді бастап, көп ұзамай автобусты тапты.
«Жүргізуші басында «102» нөміріне қоңырау шалғанын мойындамады. Тіпті қоңырау шалынған SIM-картаны да лақтырып үлгерген. Десе де, тексеру барысында полицейлер арнайы желіге хабарламаның дәл осы адамнан түскенін анықтады. Кейін ер адам бұл әрекетке хаттама толтырылғаннан кейін кек алу мақсатында барғанын мойындады», – деп хабарлады полиция.
Енді жүргізуші арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақыртқаны үшін жауап береді. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция «102» желісі шынайы оқиғалар мен құқық бұзушылықтар туралы хабарлауға арналғанын ескертті. Ал көрінеу жалған шақырту үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.