Алматы облысында ХҚКО қызметкері адам қағып оқиға орнынан қашып кетті

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Алматы облысында ХҚКО қызметкері адам қағып оқиға орнынан қашып кеткен
Алматы облысында ХҚКО қызметкері адам қағып оқиға орнынан қашып кеткен / Фото: Depositphotos.com

Алматы облысында Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері 77 жастағы зейнеткерді қағып оқиға орнынан қашып кеткен. Зейнеткер алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты.

Қайғылы оқиға Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында болған. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы тергеліп жатыр.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, 2026 жылғы 11 тамызда сағат 20:00 шамасында «Алматы — Шелек — Қорғас — Бәйсейіт» тасжолында «Kia Sorento» автокөлігінің жүргізушісі жолдың белгіленбеген жерінен өтіп бара жатқан 77 жастағы әйелді қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші алған дене жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды», – деп хабарлады өңірлік полиция.

Қазіргі уақытта жол апатының барлық мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

«Азаматтарға арналған үкімет» 2026 жылғы 11 тамызда Алматы облысында филиал қызметкерінің қатысуымен қызметтік көлікте жол апаты болғанын растады.

«Мемлекеттік корпорация оқиғаның филиал қызметкерінің қатысуымен қызметтік автокөлікте болғанын растайды. Оқиға туралы ақпарат алғаннан кейін Мемлекеттік корпорация өз құзыреті шеңберінде қызметтік тергеу жүргізді. Оның аясында лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне, ішкі бақылау деңгейіне және қызметтік автокөлікті пайдалануды ұйымдастыруға баға беріледі. Қызметтік тергеу қорытындысы бойынша лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылды», – деп түсіндірді ведомство.

Филиал директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары қызметтік көлікті пайдалануды қадағалауды тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бұған дейін Жамбыл облысында да резонанс тудырған жол апаты болды. Бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек адам қағып кетті. Кейін ол жол апатына қатысты барлық жауапкершілікті мойнына алатынын, тергеумен бірге жұмыс істейтінін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз