Алматыда баспанасыз қалған студенттерге уақытша паналау орталығы ашылады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Алматыда студенттерге арналған дағдарыс орталығы ашылады
Алматыда студенттерге арналған дағдарыс орталығы ашылады / фото: ЖИ

Алматыда 22 тамызда баспанасыз қалған студенттерге арналған уақытша орналастыру орталығы ашылады. Бұл туралы қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек айтты.

Жалпы Алматы қаласы бойынша жатақханаларда 5700 орын тапшылығы байқалып жатыр. Азиз Қажденбектің айтуынша, 50 орындық дағдарыс орталығы 22 тамызда Мәуленов көшесі, 108А мекенжайындағы ALT Университетінің №1 студенттер үйінде ашылады.

«Егер студент қандай да бір себептермен қоныстану күні баспанасыз қалса, біз оны бұл мәселемен бетпе-бет қалдырмаймыз. Студентті уақытша баспанаға орналастырып, содан кейін тұрақты тұрғын үй таңдауға көмектесеміз», – деп атап өтті Азиз Қажденбек.

Студенттердің жатақханаларына қоныстануы 25 тамызда басталады. Жаппай қоныстану кезінде қалада консультациялық орталықтардың жұмысы да күшейтілді.

Айта кетерлігі, 10 тамыздан бастап Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында (Бөгенбай батыр көшесі, 142) Ситуациялық орталық жұмыс істеп тұр. Оның жанында тәулік бойы жұмыс істейтін колл-орталық бар, ол тәулігіне 1,5 мыңнан астам қоңырауды қабылдайды.

Сонымен қатар студенттер қандай да бір кеңес алу үшін +7 (700) 950-95-28, +7 (727) 237-01-70 телефондарына хабарласа алады. Студенттерге қайда орналасуға болатынын, жатақханаға қалай өтінім беру керектігін, орын жоқ болған жағдайда мәселеніқалай шешу керегін және қиын жағдайда қайда жүгіну қажетін айтып түсіндіреді.

Бұған дейін жатақхана ала алмай қалған кейбір студенттерге жылына 100 050 теңге мөлшерінде өтемақы төленетінін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз