Алматыда 100-ге келген соғыс ардагері тұрады

Алматы қаласы Наурызбай ауданында тұратын Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Леонид Никитович Подколзин 100-ге келді.
Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері оның мерейтойымен құттықтады. Қорғаныс министрінің атынан ардагерге зор денсаулық, амандық және ұзақ ғұмыр тілеген құттықтау хаты табысталды.
Леонид Подколзин Новосібір облысының Тула ауылында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында Беларусь майданында артиллериялық бөлімше құрамында шайқасқан. Ерлігі мен батылдығы үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен, Георгий Жуков медалімен және басқа да наградалармен марапатталған.
Жеңістен кейін ардагер Кенигсбергте әскери қызметін жалғастырып, жас сарбаздарды даярлаумен айналысты. 1952 жылы Алматыға қоныс аударды. Мұнда ұзақ жылдар бойы теміржол саласында еңбек етіп, машинист көмекшісі, жүргізуші және депо шеберханасының басшысы қызметтерін атқарды.
Бүгінде ардагердің жанында балалары, немерелері мен шөберелері бар. Леонид Никитович соғыс туралы естеліктері мен өмір, Отан және адамзаттық құндылықтар жайлы толғаныстарын өлеңдері мен прозалық шығармаларында сақтап келеді.
Айта кететін жайт, бүгінде Кеңес-Герман соғысының көзі тірі 57 ардагері қалған. Оның 14-і Алматы қаласында тұрады.