Астанада LRT-ның жаңа желілері Талдыкөлдің су қорғау аймағы арқылы өтеді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

Астанадағы LRT-ның жаңа желілері екі көл мен бір өзеннің су қорғау аймақтары арқылы өтеді. Бұл туралы жобаға қатысты жарияланған экологиялық құжаттамада айтылған, деп жазады Kursiv.Media.

Астанадағы жеңіл рельсті көлік жобасының 2-кезеңіне екінші, үшінші және төртінші желілер кіреді. Олардың жалпы ұзындығы шамамен 26,5 шақырымды құрайды.

Жобаланып жатқан екінші және үшінші желілер, сондай-ақ депо толығымен Астана аумағында орналасады. Ал төртінші желі елорда аумағымен қатар, Қосшы қаласының әкімшілік шекарасы арқылы өтеді.

LRT желісінің ең жақын тұрғын аймаққа дейінгі қашықтығы кемінде 13 метр, ал Ақмола облысы аумағында 110 метрді құрайды.

LRT-ға жақын орналасқан су нысандары

  • Талдыкөл көлі – деподан 455 метр қашықтықта, су қорғау аймағының шегінде;
  • Сарыбұлақ өзені – екінші желі станциясынан 370 метр жерде, су қорғау аймағының шегінде;
  • Кіші Талдыкөл тобына кіретін №5 көл – үшінші желі станциясынан 125 метр қашықтықта, су қорғау аймағының шегінде;
  • Тассуат көлі – төртінші желі станциясынан 305 метр жерде, су қорғау аймағынан тыс орналасқан.

Қанша ағаш кесіледі

Есепке сәйкес, Астана аумағында 68 ағаш мәжбүрлі түрде кесіледі, тағы 62 ағаш басқа жерге көшіріледі.

Қосшыда 119 ағаш пен 51 бұтаны кесу, сондай-ақ 87 ағаш пен 68 бұтаны көшіру жоспарланған.

Кесілген ағаштардың орнын толтыру үшін жапырақты және қылқан жапырақты көшеттер он есе көп отырғызылады.

Айта кетейік, «Tarlan Astana» жеңіл рельсті көлік жүйесінің табысы 500 миллион теңгеден асты. Мәселен, маусым айында жолаушылар LRT қызметін 2,1 миллион рет пайдаланған.

Сондай-ақ оқыңыз