Қазақстан мұнайы Балтықтан Қара теңізге ауысады

Жарияланды 19 Тамыз 2026 10:11

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Ресей Қазақстан мұнайын басқа бағытқа бұрып, өз мұнайына орын босатты / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Ресей Балтық теңізіндегі Усть-Луга порты арқылы тасымалданып келген қазақстандық KEBCO мұнайын Қара теңіздегі Новороссийск портына қайта бағыттап жатыр. Осылайша Мәскеу Балтық порттары арқылы ресейлік мұнай экспортын ұлғайту үшін қосымша қуат босатпақ. Бұл туралы Reuters-ке саладағы төрт дереккөз хабарлаған.

Логистиканың өзгеруіне Ресейдің Приморск және Усть-Луга порттары арқылы мұнай экспортын көбейтуге ұмтылысы себеп болып отыр. Қара теңізде ресейлік мұнай тасымалдайтын танкерлер үшін қауіп күшейген. Сонымен қатар дрон шабуылдарының жиілеуінен аймақтағы порт инфрақұрылымының жұмысы да бірнеше рет бұзылған.

Reuters келтірген үш дереккөздің айтуынша, тамыздың соңында Усть-Луга портынан тиеу жоспарланған KEBCO мұнайы бар кемінде екі танкер Новороссийскіге бағытталған.

Олардың мәліметінше, қыркүйекте бұған дейін Усть-Луга арқылы жөнелтіліп келген қазақстандық мұнайдың барлық көлемі Новороссийск арқылы экспортталуы мүмкін. Әзірге Балтық портынан KEBCO жөнелту жоспарланбаған.

Бұл шешім Усть-Лугада ресейлік мұнай үшін айына шамамен 400 мың тонна немесе тәулігіне шамамен 100 мың баррель экспорттық қуат босатады.

Reuters дереккөздерінің айтуынша, Ресей экспорттаушыларына Қара теңіз порттарынан мұнай тасымалдайтын кемелер табу қиындаған. Қауіпсіздік тәуекелдерінің өсуіне байланысты кейбір кеме иелері аймақта ресейлік мұнайды тасымалдаудан бас тартып жатыр.

Ал қазақстандық мұнайды тасымалдаудағы тәуекел төменірек саналады. Сондықтан KEBCO үшін танкер табу салыстырмалы түрде оңай.

Ресей мен Қазақстанның энергетика министрліктері Reuters сауалына жауап бермеген.

Екі дереккөздің айтуынша, қазақстандық мұнай өндірушілер де Балтық порттарынан Новороссийскіге ауысуды қолдаған. Себебі қазіргі жағдайда Қара теңіз арқылы экспорттау олар үшін экономикалық жағынан тиімдірек.

KEBCO мұнайының негізгі бөлігі Жерорта теңізіндегі мұнай өңдеу зауыттарына немесе «ҚазМұнайГазға» тиесілі Еуропадағы мұнай өңдеу зауыттарына жеткізіледі.

Қазақстан сапасы жағынан ресейлік Urals мұнайына ұқсас, бірақ Қазақстанда өндірілген мұнай ретінде жеке сертификатталған KEBCO маркасын Новороссийск және Усть-Луга порттары арқылы экспорттайды.

Сондай-ақ оқыңыз