
Болашақта TikTok қолданушылар чат ішінде бір-біріне ақша жолдай алады. Осындай қызмет іске қосылуы мүмкін екені туралы Bloomberg жазды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Мәліметтерге қарағанда, ақша аудару қызметі әлі ресми түрде іске қосылмағанымен, оның іздері қосымшаның жасырын кодынан табылған. Осы кодты зерттеген Bloomberg чат арқылы аударылған ақшаны белгілі бір уақытта қабылдау тетігі болатынын, ал қаражат жолдаушы оның түскені туралы мәлімет алатынын жазды.
Басылым осыған ұқсас қызмет Вьетнам, Малайзия және Таиландта бар екеніне мән берді. Осы елдерде тауар сатып алу үшін TikTok Pay жүйесі қолданылады.
Дегенмен TikTok өкілдері қазір ақша аудару қызметі ешқандай нарықта сынақтан өтіп жатпағанын, әзірге мұндай жұмыс ең алғашқы сатысында ғана екенін мәлімдеген.
TikTok ғаламдық платформасын басқаратын ByteDance қытай компаниясы бірнеше жылдан бері қаржы технологияларын дамытуға қаражат салып келеді. Бұл ретте Bloomberg әлеуметтік медиаплатформалар да пайда табу үшін коммерциялық жобаларға көбірек көңіл бөліп жатқанына назар аударды.
Sensor Tower сараптама компаниясының мәліметінше, 2026 жылы бүкіл әлемдегі тұтынушылар TikTok-қа 2,9 млрд доллардан астам қаражат жұмсаған. 2022 жылдан бері осы қосымша ішкі ойындарды сатып алудан түсетін табыс жөнінен әлемде бірінші орында тұр.