Қытайдың ірі құрылыс банкі Қазақстанда еншілес ұйымын ашпақ

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Қазақстанда тағы бір қытай банкі ашылуы мүмкін / Фото: shutterstock

Қытайлық China Construction Bank Қазақстанда еншілес банк ашуы мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банк басшылығының China Construction Bank (CCB) төрағасы Чжан Цзиньлянмен кездесуі барысында белгілі болды.

Тараптар Қазақтандағы банк секторының жай-күйі мен дамуы, екіжақты қаржы ынтымақтастығы, оның ішінде Қазақстанда CCB еншілес банкін құру мәселесін талқылаған.

China Construction Bank (CCB, Қытай құрылыс банкі) — Қытайдың ең ірі мемлекеттік коммерциялық банктердің бірі. Негізі 1954 жылы қаланып, штаб-пәтері Бейжіңде орналасқан.

Бастапқыда мемлекеттік инфрақұрылымға қатысты жобалар мен құрылыс саласын қаржыландыру үшін құрылған. Қазір әмбебап коммерциялық банкке айналған.

Қытайда 13 мыңнан астам бөлімшесі бар, сонымен бірге Токио, Нью-Йорк, Лондон, Сидней сияқты әлемнің негізгі қаржы орталықтарында филиалдары жұмыс істейді.

Қазақстандағы 23 екінші деңгейлі банктің үшеуі – тікелей қытай капиталының қатысуымен құрылған. Оның екеуі халықаралық сауда мен ірі бизнеске бағытталған Bank of China (Қазақстандағы Қытай банкі) мен ICBC банкінің 100 пайыздық еншілес құрылымы («Алматы қаласындағы Қытайдың сауда-өнеркәсіп Банкі»). Үшіншісі акцияларының 60 пайызы қытайлық CITIC Bank-ке, ал 40 пайызы Halyk Bank-ке тиесілі – Altyn Bank.

Сондай-ақ оқыңыз