«Шағымданбай, рингке шық!» Жәнібек Әлімханұлы Хамза Ширазға жауап берді

Британдық боксшы Хамза Шираз WBO – Бүкіләлемдік бокс ұйымы Жәнібек Әлімханұлын міндетті қарсылас етіп бекітуіне наразылық білдірді.
Спорт Шредингера ақпаратынша, ол бұл шешімді «бокс үшін масқара» деп атап, ұйымды жемқорлыққа жол берді деп айыптады. Шираздың айтуынша, Жәнібек допингке байланысты дисквалификацияланғанына қарамастан, WBO оны марапаттап отыр. Ол өзіне қатысты мұндай шешімнің әділетсіз екенін айтып, ұйыммен ешқандай келіссөз болмағанын мәлімдеді.
«Мен рейтингте таза спорт қағидаларын сақтап, барлығына өз еңбегіммен жеттім. Ал қазір допингке байланысты жаза алған спортшыға жаңа салмақта титулдық мүмкіндік беріліп отыр. Бұл жастарға қандай үлгі?» – деді Шираз.
WBO 14 тамызда шешім шығарып, Жәнібекпен келіссөз жүргізуге 20 күн берген еді.
«WBO-дан міндетті қорғаныс туралы хат қана алдық. Қалғанын интернеттен білдім», — деді ол.
Жәнібек Әлімханұлы Шираздың мәлімдемесіне жауап берді.
«Неге ол жай ғана «Жекпе-жек өткізейік» демейді? Бұл – спорт. Өзіңді чемпионмын десең, оны дәлелде. Үздікпен жұдырықтасып, шын мәнінде неге қабілетті екеніңді көрсет. Подкастта отырып шағымданбай, рингке шық!» – деді қазақстандық боксшы.
Сонымен қатар Шираз қол жарақатына байланысты қарашаға дейін жекпе-жек өткізе алмайтынын айтты. Оның сөзінше, жарақат жекпе-жектің екінші немесе үшінші раундында алған соққыдан болған. Ол қайтадан қарашаның соңында немесе желтоқсанның басында рингке оралуды жоспарлап отыр.