Шексіз лента мен тәуелділік: Meta 1,4 трлн доллар айыппұл арқалауы мүмкін

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Meta компаниясына қатысты сот басталды / Фото: shutterstock,

АҚШ-тың Калифорния штатындағы Окленд федералды сотында Meta компаниясына қарсы ірі сот процесі басталды. Елдің 29 штаты бірігіп түсірген бұл талап-арызда Facebook және Instagram әлеуметтік желілерін басқаратын гигант жасөспірімдердің психикалық денсаулығына зиян келтіріп, оларды платформаға әдейі тәуелді қылды деп айып тағылған.

Іс тұтынушылардың құқықтарын қорғау және деректерді қорғау туралы заңнаманы бұзу бойынша қаралып жатыр. Егер компания сотта жеңілсе, оған әрбір заң бұзушылық үшін 20 мың доллардан келіп, жалпы жиынтығы 1,4 трлн долларға дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Бұл Meta-ның қазіргі нарықтық капитализациясымен тең сома. Сонымен қатар, талап қоюшы тараптың заңгерлері 1998 жылы темекі компанияларымен жасалған келісімге ұқсас 193 млрд доллар шамасындағы өтемақы өндіруді де көздейді.

Соттағы арызданушы штаттардың мүддесін қорғаушы заңгер Меган О’Нил компанияның бизнес-моделін «пайдаланушыны қармаққа түсіру, мүмкіндігінше ұзақ ұстау, деректерін жинау және шындықты жасыру» деп сипаттады.

Оның айтуынша, жастар мен балалар осындай тұзаққа тез түсетіндіктен, компания үшін ұзақ мерзімді болашақта ең табысты аудитория болып отыр. Өз кезегінде Meta өкілдері бұл айыпты толығымен жоққа шығарып, бас прокурорлардың платформалардың қауіпсіздігіне қатысты алдау фактілерін дәлелдей алмағанын және негізсіз талаптар қойып отырғанын алға тартты.

Олардың пайымдауынша, штаттар жүйенің жұмыс істеу дизайнына негізсіз өзгеріс енгізу және шамадан тыс ақша өндіріп алуды мақсат тұтады.

Бұл процесте басты назар жарияланатын контентке емес, дәл осы платформалардың алгоритмі мен ішкі дизайнына аударылып отыр.

Заңгерлер Meta-ны басқа пайдаланушылардың жазбалары үшін емес, балаларды баурап алатындай етіп жасаған өз шешімдері мен әрекеттері үшін жауапқа тартуды көздейді.

Шамамен бес аптаға созылатын бұл сот процесі әлемде әлеуметтік желілердің жасөспірімдерге тигізетін зардабын талқылау күшейген тұста өтіп жатыр. Қазірдің өзінде Австралия мен Еуропаның бірқатар елдері балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу енгізе бастады. Ал Еуропалық комиссия таяуда Meta-ны Цифрлық қызметтер туралы заңды бұзды және Instagram мен Facebook дизайны тәуелділік тудырады деп алдын ала шешім шығарған.

Сондай-ақ оқыңыз