Талғар мұздығынан адам сүйектері табылды

Алматы облысының Талғар ауданындағы Северцов мұздығынан туристік құрал-жабдықтармен бірге адам сүйектері табылды.
Бұл туралы Анастасия Ахметова есімді Facebook қолданушысы жазды. Оның сөзінше, адам сүйегін тауға шығумен айналысатын беларусь достары тапқан. Олар құтқарушыларға хабарласып, оқиға орнының координаттарын, фотосуреттер мен видеоны жіберген.
«Жеке өз басым, адам сүйектерін сол жерде қалдыру – христиандыққа да, мұсылмандыққа да, жалпы адамгершілікке де жат деп есептеймін. Бұл – біреудің ұлы, біреудің әкесі, біреудің ағасы. Жалпы, біздің тауларда адамның денесі жатпауы керек. Туристер оған кезігіп жатыр. Осы жаздың өзінде кем дегенде екі топ мәйіттің жанынан өтіп кеткен», – делінген жазбада.
Қазіргі уақытта төтенше жағдай қызметі полициямен бірлесіп адам сүйектерінің кімге тиесілі екенін анықтап жатқаны хабарланды.
Мұның алдында Қырғызстан тауларында беларусь және литвалық альпинистердің мәйіті дрон арқылы табылған еді.