Әскери қызметін өтеген 1 745 азаматқа білім гранттары берілді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: gov.kz

Қазақстанда мерзімді әскери қызметін өтеген 1 745 азамат мемлекеттік білім беру гранттарына ие болды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Қорғаныс министрлігінің ақпартына қарағанда, енді олар елдің жоғары оқу орындарында білім алады.

Ең көп сұранысқа ие мамандық ақпараттық технологиялар болып отыр. Бұл мамандықты 234 адам, яғни грант иегерлерінің 13,4 пайызы таңдаған. Екінші орында – орман шаруашылығы. 136 адам (7,8%) болашақ мамандығын табиғатты қорғау саласына арнағысы келеді. Үшінші орында 134 адаммен (7,7%) коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар мамандығы тұр.

Жоғары оқу орындары арасында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті көш бастап тұр. Мұнда 156 грант иегері (8,9%) білім алуға ниет білдірген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін 144 адам (8,3%) таңдаған. Үшінші орынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті бөлісті. Олардың әрқайсысына 134 адамнан (7,7%) түскен.

Әскери қызметшілерді іріктеу «Срочники 2.0» цифрлық жобасы аясында жүргізіледі. Мерзімді қызмет барысында әскери қызметшінің цифрлық рейтингі қалыптастырылады. Онда жауынгерлік даярлық нәтижелері, әскери тәртібі және басқа да көрсеткіштері ескеріледі. Рейтинг қорытындысы бойынша ақпараттық жүйе білім беру гранттарын автоматты түрде бөледі. Бұл іріктеу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етіп, адами фактордың ықпалын болдырмайды.

2024 жылы мерзімді әскери қызметшілерге шәкіртақы төленетін мемлекеттік білім беру гранттарын алу және жатақханадан орын беруде басым құқыққа ие болу мүмкіндігі заңнамалық тұрғыда бекітілді.

Айта кететін жайт, мемлекеттік грант бұйырмаған абитуриенттер үшін жоғары оқу орнына түсудің балама жолдары бар.

Сондай-ақ оқыңыз