Соңғы екі аптада елде жалдамалы пәтерлердің бағасы қымбаттады

Соңғы екі аптада елдің көптеген қаласында жалдамалы баспана бағасы қымбаттады. Әсіресе, екі және үш бөлмелі пәтерлердің құны күрт өсті. Бағаның өсімі ең қатты байқалған қала – Алматы қаласы.
Krisha.kz дерегінше жалдамалы баспана нарығы шілде айының соңында қарқын ала бастады. Ол кезде Қазақстан бойынша орташа өсім бір айда 3%-дан асқан еді.
Тамыз айында пәтер жалдау бағасы тағы қымбаттай түсті. Айдың алғашқы екі аптасында пәтерлердің орташа құны шамамен 3.8%-ға өсті.
Алайда баға барлық қалаларда теңдей өсім көрсетіп отырған жоқ. Кей өңірлерде пәтерлер айтарлықтай қымбатттаса, басқаларында баға өзгеріссіз қалды, ал кей қалаларда тіпті арзандаған.
Екі немесе үш бөлмелі пәтерлердің бағасы неге күрт қымбаттап кетті?
Тамыздың алғашқы жартысында екі және үш бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы ерекше қымбаттады.
Қазақстан бойынша орташа баға көрсеткіші келесідей болды:
- бір бөлме 2.5%-ға;
- екі бөлме 4.3%-ға;
- үш бөлме 4.2%-ға қымбаттаған.
Бағаның өсуіне маусымдық факторлар әсер етуде. Мәселен, тамыз айында жаңа оқу жылы қарсаңында студенттер баспананы белсенді түрде іздей бастайды.
Баға қай қалаларда көбірек өсті?
Бағаның көшін 9.5% өсіммен Ақтау қаласы бастап тұр. Сондай-ақ бұл көрсеткіш Алматыда – 8.6%, Семейде – 7.7%, Павлодарда – 7.4%, ал Петропавлда 5.6%-ға өскен.
Бұдан кейінгі орындарда Түркістан (+5.6%), Қарағанды (+5.3%), Ақтөбе (+4%), Астана (+3.9%) және Шымкент (+3.8%) қалалары тұр.
Алматыда пәтер жалдау құны қанша?
Бір бөлмелі пәтерлер тамызда әзірге қымбатқан жоқ – шамамен 220 мың теңге. Олардың бағасы шілде айының соңында-ақ көтеріліп қойған болатын.
Ал екі бөлмелі пәтерлер соңғы екі аптада 300 мыңнан 340 мың теңгеге дейін, үш бөлмелілер 410 мыңнан 450 мың теңгеге дейін қымбаттады.
Астанада баға қымбаттады ма?
Елордада бір бөлмелі пәтерлер қатты қымбаттап кетті. 220 мыңнан 240 мың теңгеге дейін, яғни 9.1%-ға өсті.
Екі бөлмелі пәтерлер 300 мыңнан 320 мың теңгеге (+6.7%) жетті.
Ал үш бөлмелі пәтерлер әзірге өзгермей, шамамен 500 мың теңге күйінде қалып отыр.
Баға қай жерде арзандап жатыр?
Жалпы өсімге қарамастан, бағаның төмендеген тұстары да бар. Мәселен, Қостанайда үш бөлмелі пәтерлер 290 мыңнан 270 мың теңгеге дейін арзандады (6.9%-ға төмендеді).
Талдықорғанда үш бөлмелі пәтер құны 190 мыңнан 180 мың теңгеге дейін түсті (- 5.3%).