Фельдшер Ұлдананың қазасы: Әділет Зейнел 20 млн теңгені қайда жұмсағанын айтты

Ұлдана Мырзуан ісіндегі жәбірленуші Әділет Зейнел соттағы жауабында өтемақы ретінде берілген 20 млн теңгені қайда жұмсағанын айтып берді.
Фельдшер Ұлдана Мыруан 2025 жылы 18 қарашада қайтыс болған. Зейнелдің сөзінше, 19 қараша күні Астана әкімдігіне барған.
«Ол жерде қала әкімі, әкімнің орынбасары және мәслихат депутаты болды. Әкімдік депутаттан көмек сұраған екен. Депутаттың аты-жөні есімде жоқ. Ол кісі қолма қол 20 млн теңге берді. Ешқандай құжатқа қол қойған жоқпын. Жанымда Ұлдананың әпкесі Ақнұр Мырзуан болды. Жерлеуге қанша ақша жұмсалғаны нақты есімде жоқ», – дейді Зейнел.
Айтуынша, үш күн ішінде Ұлдана Мырзуанның атындағы автокөлік несиесін төлеген. Ұлдананың анасына 4,5 млн теңге берген. Қалған қаражатты құрбан шалуға жұмсаған.
Істі қарап жатқан судья Меруерт Абаева Зейнелден не себепті сотта жәбірленуші статусынан бас тартып отырғанын сұрады.
«Жаңа өмір бастадым, үйлендім. Ұлдана Мырзуанның анасы БАҚ арқылы «жәбірленуші» статусынан бас тартуымды сұрады», – деп жауап берді Әділет Зейнел.
Еске сала кетейік, Әділет Зейнел әйелінің қазасынан 8 ай өткен соң екінші рет отбасы құрып, қоғамның сынына ұшыраған болатын.