Ит пен мысықты далаға тастағандар 259 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді

Қазақстанда жануарларға қатыгездік көрсеткендерге жаза қатаңдатылады. Бұдан бөлек, үй жануарларын далаға тастап кеткендерге, сондай-ақ жануарын дұрыс ұстамағандықтан адамға немесе мүлікке зиян келген жағдайда да айыппұл салынады. Тиісті өзгерістер Экология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығына енгізілді. Ол бүгін, 20 тамыздан бастап күшіне енеді.
Жануарға қатыгездік көрсеткендерге жаза күшейеді
Жануарларға қатыгездік көрсетіп, олардың мертігуіне немесе өліміне әкелгендерге қылмыстық жаза қатаңдатылады.
Қоғамдық жұмыстардың мерзімі 120 сағаттан 150 сағатқа дейін, ал қамау мерзімі 30 тәуліктен 40 тәулікке дейін ұлғайтылады. Сонымен қатар бас бостандығын шектеу және айыру мерзімдері де артады.
Бұл талаптар Қылмыстық кодекстің 316-бабы аясында қарастырылған.
Үй жануарын далаға тастағандарға айыппұл салынады
Жаңа талаптардың бірі – үй жануарларын немесе олардың төлдерін паналайтын орындарға өткізбей, далаға тастап кеткендерге жауапкершілік енгізу.
Мұндай жағдайда 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер осы әрекет қайталанса, айыппұл мөлшері 60 АЕК-ке дейін өседі. Бұл тиісінше 129 750 және 259 500 теңге.
Жануар адамды қауып алса немесе мүлікті бүлдірсе
Жануар адамның денсаулығына немесе біреудің мүлкіне зиян келтірсе, оның иесіне де жауапкершілік қарастырылған.
Егер жануар біреуді қауып алса немесе мүлікті бүлдірсе және бұл әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмаса, 100 АЕК айыппұл салынады.
Ал мұндай жағдай қайталанса, айыппұл мөлшері 150 АЕК-ке дейін артады, яғни 432 500 және 648 750 теңге болады.
Вакцинация мен стерилизация талаптары да күшейеді
Өзге де талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, жануарларға вакцинация және стерилизация жасамау, сондай-ақ ерекше жауапкершілікті талап ететін жануарларды ұстау ережелерін бұзу бойынша айыппұлдар көбейтіледі.
Тағы да оқыңыз: Құтыру және жануардың тістеуі: қалай қорғану керек.